Қоғам

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА БІР МЕЗЕТТЕ 2500-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСҚАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «AL-FARABI» ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ ОЙЫНЫ ӨТТІ

Кентау қаласында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен және қала әкімдігінің қолдауымен республикалық «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының салтанатты ашылуы мен іріктеу кезеңі өтті.

Ашық аспан астындағы ауқымды білімділер сайысына еліміздің 7 өңірінен және Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан жиналған 500-ге жуық команда, 2500-ге жуық жас қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен қала әкімі Жандос Тасов аталмыш жобаның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар мұндай ауқымды интеллектуалды алаңдардың жастардың жан-жақты дамуына, ел болашағының зияткер буынын қалыптастыруға зор үлес қосатынын атап өтті.

Аталған сайыстың мақсаты – дарынды жастарды анықтау, олардың танымдық қызығушылықтарын арттыру арқылы білім деңгейін көтеру, сондай-ақ елімізде интеллектуалды ортаны қалыптастыру.

Іріктеу кезеңінде командалар арасынан үздіктер анықталып, марапатталды. Қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған 45 команда келесі кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар енді Түркістан қаласында өтетін 1/8 финалдық кезеңде бақ сынайды. Жалпы жүлде қоры – 3 миллинон теңге.

«AL-FARABI» интеллектуалды ойыны биыл 8-рет ұйымдастырылып отыр. Білімділер бәйгесі – білім мен бәсекені ұштастырған, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін бірегей алаң.

Айта кетсек, бұл жоба ауқымы бойынша рекордтық көрсеткішке ие болып, қатысушылар санының көптігіне байланысты халықаралық деңгейде, атап айтқанда, Гиннестің рекордтар кітабына енгізуге ұсынылуда.

Сонымен қатар, интеллектуалды ойын барысында қатысушылар логикалық ойлау, жылдам шешім қабылдау және топпен жұмыс істеу қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті. Сұрақтар мазмұны тарих, ғылым, мәдениет және қазіргі заман тақырыптарын қамтып, жастардың жан-жақты білімін саралауға мүмкіндік берді. Бұл формат білім мен бәсекені ұштастыратын тиімді алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды жобалар жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың өзара тәжірибе алмасуына да жол ашады. Әр өңірден келген қатысушылар бір-бірімен танысып, жаңа байланыстар орнатты, бұл өз кезегінде жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Сонымен бірге, байқаудың жоғары деңгейде өтуі өңірде жастар саясатының жүйелі түрде дамып келе жатқанын көрсетеді. Білімге құштар жас буынды қолдау арқылы еліміздің интеллектуалды капиталы қалыптасатыны атап өтілді. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Жалпы, Кентауда өткен «AL-Farabi» интеллектуалды ойыны жастарды білімге ынталандыратын, олардың ой-өрісін кеңейтетін және бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды жоба ретінде ерекшеленді.

Қатысты жаңалықтар

«АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫ АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРАДЫ

azatmedia

“Синтетика! Қауіпті!”: ІІМ қоғамды қорқынышты құбылысқа назар аударуға шақырады

azatmedia

Екінші сынып оқулығында масленница неғып жүр?

azatmedia