Ақпарат

ТӘУЕЛСІЗДІК ҚАРСАҢЫНДА ЖАҢА АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде аудандағы 105 елді мекеннің 92-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жетіп отыр.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту тапсырмасына сәйкес «Тәуелсіздік күні» қарсаңында тағы бір елді мекенге көгілдір отын берілді.

Жаңа ауыл ауылдық округіне қарасты Жаңа ауыл елді мекеніне газ беру рәсіміне аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өндірістік филиалы Жетісай газ шаруашылығының директоры Бақтыбай Акеев, аудандық мәслихат депутаты Мақсат Айнабеков қатысып, тұрғындарды қос қуанышпен құттықтады. Жылдар бойы қатты отынмен бойларын жылытып, күл шығарып келген 2460 тұрғын енді қаладағыдай табиғи газды тұтынатын болады.

«Біз ел Президенті мен облыс басшысының инфрақұрылымды жақсартып, ауылдарды дамыту жөнінде берген тапсырмалары аясында қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз. Қаржының мүмкіндігіне қарай инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бір ауылға газ берсек, екінші ауылдың жолдарын, ал, үшінші ауылдың ауыз суы мен жарықшамдарын жөндеудеміз. Ешбір елді мекен мемлекеттің назарынан тыс қалмайды» деді аудан әкімі Серік Үсенұлы.

Елді мекендерді газдандыру жұмыстарының қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде өткен жылы ауданда 4 елді мекен көгілдір отынға қосылса, жыл басынан бері 13-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 7 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Айта кетейік, шара барысында ауыл азаматтарына газ инспекциясы өкілдері тарапынан газ құрылғыларын дұрыс пайдалану бойынша ережелер түсіндіріліп, жаднамалар таратылды.

Түркістан облысының аудандарында табиғи газға қолжетімділікті арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар инфрақұрылымды жаңартудың маңызды бөлігіне айналды. Бұл шаралар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдық жерлерде өмір сүру деңгейін көтеруге ықпал етеді. Газбен қамтамасыз ету тек экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, тұрмыс шығындарын да төмендетеді, өйткені табиғи газды пайдалану тиімді әрі экономикалық тұрғыдан пайдалы.

Қазіргі таңда газдандыру жұмыстары аудан көлемінде қарқынды жүріп жатыр, алдағы уақытта тағы көптеген ауылдар көгілдір отынмен қамтылатын болады. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауылдардың әлеуметтік және экономикалық даму деңгейі артып, халықтың өмір сүру жағдайы жақсарады. Сонымен қатар, бұл жұмыстардың ауылдарды дамыту мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қамқорлықтың көрінісі ретінде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Газдандыру жұмыстарымен бірге тұрғындарға газ құралдарын дұрыс пайдалану ережелері туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттырып, экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АРЫСТА КОММУНАЛДЫҚ САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ЖАҢА ТЕХНИКА КІЛТТЕРІ ТАБЫСТАЛДЫ

azatmedia

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖОЛ САЛАСЫНА ҚАТЫСТЫ САУАЛДАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

azatmedia

WORLD CLEANUP DAY АЯСЫНДА ШЫМКЕНТТЕ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

azatmedia