Жетісай ауданына инвестиция тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасы аясында Жетісай ауданында аумағы 59 га құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ пен 1 га жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай аудан басшысы Серік Үсенұлы Мамытов аталмыш аймақтардың инвесторларымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылады. Айтылған ұсыныс-пікірлер бойынша тиісті сала басшылары жауаптар берді.
Аудан әкімдігі тарапынан әлеуетті жобаларды іске асыруға ынталы инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде бүгінде индустриялды аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу зауыты, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу зауыттары секілді 9 жобаны, өндірістік паркте құны 210 млн теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орындарын іске қосу жоспарланған. Аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы 1200-ге тарта тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп көзделуде.
«Біздің ауданымыз егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласы дамыған аудан. Сондықтан, алдағы күндері іске қосылатын зауыттар мен өндіріс орындары шикізаттан тапшылық көрмейді деп сенеміз.
Өңір басшысының бастамасымен қолға алынып жатқан аталмыш жобаларды жүзеге асыру арқылы ауданда кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істерді жүзеге асыратын боламыз» деді аудан басшысы өз сөзінде.
Соңғы 30 жылда ешқандай өндіріс орны салынбаған ауданда алғаш рет іске қосылғалы тұрған зауыттар аудан экономикасының дамуына тың серпіліс беріп, мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттыруға, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды деп күтілуде. 2020 жылдан бері 90,2 млрд теңгенің инвестициясы тартылған ауданда бұл көрсеткіш 2030 жылы 419,6 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.
Жетісай ауданында инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды қадам болып табылады. Индустриялық аймақтар мен өндірістік парктердің құрылуы жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді. Бұл жобалар ауданның кәсіпорындар саласын әртараптандыруға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Жетісайдың ауыл шаруашылығы әлеуеті мен шикізат көздеріне негізделген өндіріс орындарының іске қосылуы өңірдің индустриялық даму жолындағы маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар Жетісай экономикасына үлкен серпіліс әкеледі деп күтілуде. Сүт өңдеу, мақта өңдеу, жіп иіру сияқты өндірістік салалардың дамуы тек жергілікті еңбек нарығына ғана емес, жалпы аймақтың өндірістік әлеуетіне де оң әсерін тигізеді. Бұл жобалардың арқасында ауданға тартылатын инвестициялар көлемі артып, жаңа кәсіпкерлік бастамалар пайда болады, бұл өз кезегінде ауданның экономикалық тұрақтылығын нығайтады.
