Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауылдық округтерінің бірқатар елді мекенінде орталықтандырылған ауыз су жүйесі іске қосылды. Салтанатты шараға аудан әкімі Арман Абдуллаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Рысбек Асылбекұлы, депутаттар мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев ауыл тұрғындарынның қуанышын бөлісіп, құттықтады.
– Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздағы шалғай елді мекендердің таза ауыз суға қол жеткізуі – мемлекетіміздің халық игілігі жолындағы табанды еңбегінің нақты нәтижесі. Президентіміздің тапсырмасы аясында мемлекетке қайтарылған активтерді әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға бағыттау – елдің әл-ауқатын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бүгін іске қосылған жаңа ауыз су жүйесі мыңдаған тұрғынның тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Бұл – ауданымыздың даму жолындағы үлкен жетістік, – деді аудан әкімі.
Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтер есебінен Әлімтау ауылдық округінің Тасқұдық, Жылға ауылдық округінің Шеңгелді, сондай-ақ Дарбаза ауылдық округінің Сарысу елді мекендері орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді. Құрылыс жұмыстарын «FS Development Group» ЖШС атқарды.
Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 1 қала, 13 ауылдық округ бар. Онда жалпы 63 елді мекен орналасқан. Соңғы жылдары ауыз су инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін 79,3 пайызды құраған орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші айтарлықтай өсуде. Жібек жолы, Қарабау, Зортөбе, Сарқырама және Жаңақұрылыс елді мекендеріне ауыз су беріліп, көрсеткіш 85,7 пайызға жеткен болатын.
Бүгін қосылған Сарысу, Тасқұдық, Шеңгелді елді мекендеріндегі ауыз су жүйесінің есебінен тіршілік нәрімен қамтылған ауылдар саны 59-ға, ал көрсеткіш 93,7 пайызға дейін артты.
Бұл жобаның іске асырылуы Түркістан облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуында үлкен қадам болып табылады. Сарыағаш ауданындағы шалғай ауылдардың тұрғындары үшін орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылу олардың тұрмыс деңгейін айтарлықтай жақсартады. Ауылдық аймақтардағы әлеуметтік жағдайдың оңалуы, халықтың күнделікті қажеттіліктерін қанағаттандыруда мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлықтың маңызды көрсеткіші болып табылады. Бұл шара тек ауыз су мәселесін ғана шешіп қоймай, сонымен қатар ауылдардың экономикалық және әлеуметтік тұрғыда нығаюына мүмкіндік туғызады.
Жалпы алғанда, осы жобалардың жүзеге асуы ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер мен үміт сыйлайды. Ауыз су мәселесін шешу арқылы ауылдағы басқа да инфрақұрылымдық проблемаларға назар аударуға болады, мысалы, жол салу, электр қуатымен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету және білім беру сапасын жақсарту. Ауылдарда тұрғындардың өмір сүру деңгейінің арттыруы, қалаға көшу үрдісін тежеп, керісінше, ауылға оралу мен экономикалық белсенділіктің өсуіне ықпал етуі мүмкін. Елдің түрлі өңірлерінде осындай жобалар іске асырылып жатқанын ескере отырып, жалпы алғанда, Қазақстанның ауылдық аймақтарын дамытуға деген мемлекеттік көзқарас айқын көрінеді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау, инфрақұрылымның жақсаруы, халықтың әл-ауқатының артуы – бұл еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан маңызды қадамдар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ауылдардың дамуына қосымша серпін беретіні сөзсіз.
