Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, биыл Сауран ауданында өндіріс саласы қарқынды дамып жатыр. Жыл басынан бері 124 өндірістік жоба құрылысты бастап, оның 35-і жыл соңына дейін толық аяқталды. Бұл көрсеткіш аудан экономикасының өсуіне, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етіп отыр.
Өндірістік жобалардың басым бөлігі Шаға, Иассы, Қарашық, Жүйнек және Үшқайық ауылдық округтерінде жүзеге асуда. Бұл аймақтар өндіріс орналастыруға қолайлы инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Сауран ауданында өндірістік цехтардың санының артуы тек кәсіпорындарды ашумен шектелмейді. Бұл өз кезегінде жаңа технологияларды енгізу, экологиялық таза өнімдер шығару және өндіріс үдерістерін тиімді басқару үшін қажетті инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. Құрылыс материалдарын өндіретін, азық-түлік өнімдерін шығаратын және жиһаз цехтарының санының артуы жергілікті өндірістің сапасын жақсартып, өңірдегі тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға жол ашады.
Алдағы уақытта, Сауран ауданындағы осындай жобалар ауданның экономикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, облыс деңгейінде де индустриалдық дамудың жаңа кезеңіне жол ашады. Өндірістік жобалардың қарқынды дамуы облыс тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады, жергілікті бизнеске жаңа серпін береді және Түркістан облысын индустриалды жағынан нығайтады.
Аудан аумағындағы өндіріс бағыттары да айқын әрі сан салалы.
• Құрылыс материалдары шығаратын – 36 цех;
• Жиһаз өндірісі – 35 цех;
• Азық-түлік өнімдерін өндіру – 25 цех;
• Резеңке және пластмасса бұйымдарын өңдеу – 8 цех;
• Тігін өндірісі – 5 цех;
• Электротехникалық өндіріс – 5 цех;
• Дәрі-дәрмек өндіретін – 1 өндіріс орны;
• Ауылшаруашылық жабдықтарын жасайтын – 8 цех;
• Қағаз өңдейтін – 1 цех іске қосылатын болады.
Жалпы алғанда, өндірістік жобалардың қарқынды дамуы Сауран ауданының индустриалдық әлеуетін өсіріп, өңірдегі экономикалық белсенділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кең мүмкіндік беруде.
