Соңғы жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМДЕРІН ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ЖӨНІНДЕГІ ІРІ ЖОБАЛАРДЫҢ АУҚЫМЫН КЕҢЕЙТУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ШАРА ӨТТІ

Бүгін Түркістан облысына ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іс-сапармен келді. Сапар барысында «SPK Turkistan» өндірістік парк пен «Түркістан» индустриялды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Оның ішінде, көкөніс сақтау қоймасы, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен және «Тұран су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен танысты.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша комитеттің көшпелі отырысы өтті. Осы орайда, кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық Ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты.

Жиында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, 2026 жылы Түркістан облысында қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда крахмал өнімдері өндіріліп, 500 жұмыс орнын құру көзделуде.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі. Осы ретте, биыл 10 айда 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға орналастырылған.

«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені Республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның – 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің – 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің – 27 облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің ауқымды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғарғы әлеуетін көрсетеді. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде»,- деді Нұрбол Тұрашбеков.

Бұл шараның маңызды аспектісі – Түркістан облысындағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында жаңа мүмкіндіктер ашу болып табылады. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар еліміздің ауыл шаруашылығы секторын тұрақты түрде әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өңдеуші кәсіпорындардың санының артуы ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндірумен ғана шектелмей, олардың қосымша құндарын арттыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысы тек аграрлық аймақ ретінде ғана емес, сонымен қатар өңдеуші өнеркәсіптің алдыңғы қатарлы өңірлерінің біріне айналуы ықтимал.

Агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігіне күшті серпін беретін тағы бір фактор – бұл өңірдің табиғи ресурстары мен инфрақұрылымының нығаюы. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығындағы жаңа технологиялар мен су үнемдеу әдістерін қолдану арқылы су ресурстарын үнемдеу және өнімділік арттыру мүмкіндіктері кеңейтілуде. Су үнемдеуге бағытталған шаралар аймақтағы экологиялық жағдайды жақсартуға және тұтынушыларға қолайлы бағамен сапалы өнімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, индустриалды аймақтағы жаңа жобалар мен өндіріс қуаттарының артуы өңірдің жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға әсер етеді.

Ал мақта-тоқыма кластерінің құрылуы Түркістан облысы үшін үлкен әлеуетке ие. Бұл жоба жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті терең өңдеумен қатар, экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Мақта өнімдері мен тоқыма өнеркәсібінің өңір экономикасында маңызды орын алатыны сөзсіз, өйткені бұл сала тек ішкі нарықты ғана емес, халықаралық нарықтарды да қамтиды. Осы орайда, мақта-тоқыма кластерінің жұмысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік кешенін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Алдағы жылдары Түркістан облысында іске қосылатын жаңа кәсіпорындар мен жобалар өңірдің ауыл шаруашылығын бәсекеге қабілетті деңгейге көтеруге ықпал етеді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктер пайда болады, ал бұл өз кезегінде өңірдің жалпы экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенінің өркендеуі Қазақстанның аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

Қатысты жаңалықтар

АКИМ ШЫМКЕНТА ПРИНЯЛ ПРЕДСТАВИТЕЛЕЙ ИЗРАИЛЬСКОЙ КОМПАНИИ

azatmedia

ПРЕДСТАВИТЕЛЬ ТУРИСТИЧЕСКОЙ ОТРАСЛИ ПОЛУЧИЛ НАПРАВЛЕНИЕ ДЛЯ УЧАСТИЯ В РЕСПУБЛИКАНСКОМ КОНКУРСЕ

azatmedia

ЗОЯ КРАВЧЕНКО – ОЛИМПИАДА ЖОЛДАМАСЫНЫҢ ИЕГЕРІ

azatmedia