Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚОҚЫС ПОЛИГОНДАРЫН РЕТТЕУ, ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысының аумағында 128 қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигон бар. Оның ішінде 35-і аудандық болса, 40-ы ауыл округінде орналасқан. Ал 50-і сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесінде облыстағы полигондардың көпшілігі санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылып, алдағы жоспарлар мен өзекті мәселелер сараланды.

Облыс әкімі жауаптыларға аталған мәселені шешу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру керек. Аудан, қала әкімдіктері сенімгерлік басқаруға берілген полигондардың міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етуі тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарын алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды күшейтуді тапсырамын. Жауапты басқарма полигондарды тиімді пайдалану, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша нақты ұсыныстар әзірлесін. Ал аудан, қала әкімдіктері жеке кәсіпкерлермен бірлесе отырып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы қажет, – деген облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы осы бағыттағы жұмысты дұрыс атқармай жатқан аудан, қала әкімдеріне сын-ескертпе айтып, уәждерін тыңдады. Нақты міндеттер жүктеді.

Мәжілісте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов 10 айдың қорытындысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон орындарын оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру үшін арнайы 2024-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Өткен жылы 3 полигонның құрылысына облыстық бюджеттен 598 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Жоспарға сәйкес биыл полигондарды оңтайландыру арқылы 33-і жабылуы тиіс еді. Алайда аудан, қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстар атқарылмаған. Сондай-ақ 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру көзделген. Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы құны – 537,7 млн. теңге.

Бұдан бөлек, қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі, қайта өңдейтін 3 қондырғы қою көзделген. Осы бағытта Сарыағаш ауданындағы «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ механизмі арқылы қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның жеңілдетілген қаржыландыруымен қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотогын дайындайтын қондырғысын алуда.

«Түркістан облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша, қалдықтардың қайта өңдеу үлесі 2025 жылға 31 пайызға жеткізу бекітілген. Биылғы жылдың 10 айымен 30%-ға орындалды. Келесі жылы қалдықтардың қайта өңдеу үлесін 33%- ға жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бей-берекет қоқыс орындарын жою мақсатында «Қазақстан Ғарыш Сапарының» түсірілімі нәтижесінде облыс аумағында 249 нүкте (16 ауданда) анықталып, бүгінде толық тазалау жұмыстары жүргізілген.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту және қалдықтарды тиімді пайдалану жүйесін дамытуға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Жергілікті билік пен басқармалар тарапынан қолға алынған шаралар, әсіресе полигондардың санитарлық талаптарға сәйкестігі мен қайта өңдеуге арналған технологиялық қондырғылардың орнатылуы, тұрақты дамуға үлес қосады. Сонымен қатар, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үрдістерін күшейту экологияға әсерін азайтып, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Елдегі қалдықтар мәселесін шешудің тиімді жолы ретінде кәсіпкерлер мен жеке секторды тарту аса маңызды. Бұл шаралар тек экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, экономикаға да оң әсерін тигізеді. Түркістан облысында қалдықтарды қайта өңдеуге арналған қондырғыларды орнату мен жаңа технологияларды енгізу арқылы қалдықтарды сұрыптау жүйесін жақсарту көзделуде. Бұл процесс кәсіпкерлік секторды дамытуға, сондай-ақ экология саласындағы жаңа мүмкіндіктерді ашуға мүмкіндік береді.

Қалдықтарды қайта өңдеудің артып келе жатқан үлесі, әсіресе, қағаз қалдықтарын өңдеу сияқты арнайы жобалар арқылы, аймақтық экологияны жақсартудың тиімді тәсілі ретінде қарастырылады. Түркістан облысының даму жоспары аясында экологиялық шаралардың кешенді түрде жүзеге асырылуы маңызды. Бұл жұмыстардың сәтті орындалуы жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттырып, болашақ ұрпаққа таза және қауіпсіз қоршаған орта қалдыруға негіз болады.

Қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесін енгізу, сондай-ақ бей-берекет қоқыс орындарын жою шаралары тек экологиялық мәселелерді шешіп қана қоймай, халықтың экологиялық мәдениетін арттыруға да ықпал етеді. Ал бұл, өз кезегінде, Түркістан облысының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Қатысты жаңалықтар

Ордабасы ауданына сән беретін бірден-бір сәулетті нысан бой көтертегелі тұр.

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН КӨБЕЙТУ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕЙДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: АССАМБЛЕЯ ЖАСТАРЫ ЕЛДІК ПЕН БІРЛІК ЖАЙЫНДА ПАЙЫМДЫ ПІКІР АЛМАСТЫ

azatmedia