Қазығұрт ауданындағы «Төлеби нұры» лагері балалар үшін ұмытылмас жазғы демалыс орнына айналды. Биыл жазда лагерьде 70 күн бойы 1800-ге жуық бала демалып, олар үшін қызықты әрі әсерлі сәттерге толы жаңа тәжірибе болды. 72 мектептен келген оқушылар жаңа достар тауып, өзіндік жаңа дағдылар мен білімдерге ие болды. Лагерьдің басты мақсаты – балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі көңілді өткізу, оларды жаңа ортада өздерін дұрыс ұстауға, жауапкершілікке, ұжымда жұмыс істеуге тәрбиелеу болды.
Лагерьде балаларға жол көрсетіп, олармен бірге түрлі іс-шаралар мен ойындар ұйымдастырған 35 тәрбиеші өз еңбектерін аянбай жұмсап, балалардың қауіпсіздігін, көңіл-күйін және тәртібін қадағалады. Лагерь қызметкерлері үшін бұл үлкен жауапкершілік болғанымен, сонымен қатар құнды тәжірибе мен маңызды сынақ болды.
«Төлеби нұры» – жаңадан ашылған лагерь болғандықтан, алғашқы қадамдар әрдайым оңай бола бермейді. Әрбір жаңа бастама белгілі бір қиындықтар мен сынақтардан өтуі керек. Бұл лагерь де өзінің алғашқы маусымында түрлі қиындықтармен бетпе-бет келді. Дегенмен, сол қиын күндер мен шаршаған шақтар қызметкерлер мен балаларға одан да мықты болып шыға білуге мүмкіндік берді.
Балалардың күлімдеген жүздері мен олардың лагерьден қайтқан сәттегі алғыстары барлық қиындықтарды ұмыттырып, еңбектің нақты нәтижесін көрсетті. Ата-аналардың жылы пікірлері мен ризашылық сөздері әрбір қызметкердің қажырлы еңбегіне үлкен баға болып табылды. Лагерь жұмысының тиімділігі мен мәнін бағалаудың ең жақсы тәсілі – балалардың соңғы күні айтқан игі тілектері мен қимастықпен қоштасқан сәттері болды.
Лагердің табысты жұмысын қамтамасыз ету үшін аудан әкімдігі, аудандық білім бөлімі, мәдениет және спорт бөлімі, ішкі саясат бөлімі, жастар ресурстық орталығы, сондай-ақ облыстық білім басқармасы мен басқа да мемлекеттік мекемелер белсенді атсалысты. Олар балаларға арналған түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, олардың жазғы демалысын мазмұнды әрі тиімді өткізулеріне жағдай жасады.
Осы жылдың жазғы демалысы балалар үшін тек көңілді әрі қызықты сәттермен ғана емес, сонымен қатар көп жаңалықтар мен өмірлік тәжірибелерге толы болды. Лагерь қызметкерлері өз жұмыстары арқылы балалардың көңілін көтеріп, оларға ұмытылмас естеліктер қалдыруға үлкен үлес қосты.
«Төлеби нұры» лагерінің алғашқы маусымы өз нәтижесін беріп, құнды тәжірибе мен пайдалы әсер қалдырды. Осы жылы балалардың жүрегінде терең із қалдырған лагерь алдағы уақытта да өзінің сапалы жұмысын жалғастырып, жаңа ұрпақты тәрбиелеу жолында елеулі үлес қосатынына сенім бар.
