Қазығұрт ауданында «Түнгі кітапхана» жобасы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауераты, «Ерен еңбегі үшін»төсбелгісінің иегері Бақытжан Алдиярдың шығармашылық кеші өтті.
«Қазығұртқұнар қаламгер» атты кештің арнайы қонағы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақтың көрнекті ақыны, публицист, филология ғылымдарының кандитаты Бақыт Беделхан. Ал әдеби жиынды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сирдаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Сайлаухан Жоланов жүргізді.
Салтанатты жиынды Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов ашып беріп, қасиетті Қазығұрт топырағынан түлеп ұшқан талантты ақын Бақытжан Алдияр мен қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер Бақыт Беделханұлына аудан жұртшылығының ыстық ықыласын жеткізіп, құрмет көрсетті. Аудан басшысы руханият пен әдебиеттің ел өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, осындай тағылымды кездесулер жастар тәрбиесіне ықпал ететінін жеткізді.
Тамаша табиғат аясында, көкжиекке алтын күн еңкейіп, түннің шымылдығы баяу түрілген шақта жергілікті оқырмандар мен азулы ақындар аңызға айналған қасиетті таудың етегінде Бақытжан Алдиярдың жүректен туған жырларын мәнерлеп оқып, сөзіне жазылған әуезді әндерін орындап ақын шығармашылығына құрмет көрсетті. Сондай-ақ кітапханашылар саябақ ішін ерекше сәнге бөлеп, түрлі көрмелермен безендірді.
Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлер ақынға арнау өлеңдерін оқып, әдебиетке жанашыр жандар ақ тілегін жеткізді. ҚР Мәдениет қайраткері Ұлжан Мұстафаева мен белгілі сазгер, ғалым, журналист Бекжігіт Сердәлі, облыстық кітапхананың директоры Жанат Шардарбекова және ауданның қариялары мен ақынның үзеңгілес достары ақынға деген ақ жарма тілегін білдіріп, шығармашылық жолына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, мазмұнды шараны «Түнгі кітапхана» жобасы аясында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы мен Қазығұрт орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған.