15 маусым – «Әкелер күні» мерекесі қарсаңында Қазығұрт ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» ерекше және тағылымды шара өтті. Бұл шараға еліміздің мақтанышы, Қазақстан Ғалымдар Академиясының академигі, композитор, профессор, Қазығұрт ауданының Құрметті азаматы, өнерде, ғылымда өзіндік қолтаңба қалдырған Акайұлы Аманбек және «Сапа-2002» ЖШС-нің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, Қазығұрт ауданының тағы бір Құрметті азаматы Әшіров Нұржан Сапабекұлы қатысты. Шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы әкенің рөлін ұлықтау, отбасы құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани байланысты нығайту болды.
Кездесудің басталуы ерекше болды. Қатысушылардың назарын өзіне аударған алғашқы сәт – Қатира Бекмұратқызының әсем әні болды. Ақайұлы Аманбек атамыздың сөзіне жазылған бұл жүрек тебірентер әннің әуендері шараға қатысушыларға ерекше рухани шабыт сыйлады. Әннің терең мағынасы мен әсемдігі шараның негізгі тақырыбымен үндесіп, аға буын мен жастардың арасындағы байланыс пен өзара құрметті, сүйіспеншілікті ерекше сезіндірді.
Кездесудің негізгі бөлігінде «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ардагерлері мен қонақтар арасында еркін әңгімелесу ұйымдастырылды. Бұл кездесу тек дәстүрлі пікірталас емес, ол өмірдің мәні мен маңызды құндылықтарын терең ұғыну үшін бірегей мүмкіндік болды. Ағайын-туыс, отбасы, ұрпақ тәрбиесі жөніндегі сөздер жастарға дұрыс бағыт-бағдар берді. Ардагерлер өздерінің мол өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие мен өмірлік ақыл-кеңестерін жеткізді. Олар отбасындағы әрбір адамның өз орнын сезінуі, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік пен құрметтің маңыздылығын айтып, қоғамдағы тәрбие мен мәдениеттің негізі отбасынан басталатынын ерекше атап өтті.
Кездесуде сөз алған ел ағалары қоғамдағы отбасы құндылықтары, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі, рухани мұраның ұрпақтан-ұрпаққа берілуі туралы жүрекжарды пікірлерімен бөлісті. Әсіресе, Ақайұлы Аманбек пен Әшіров Нұржан сынды тұлғалар өз тәжірибелері арқылы жастарға өсиеттер айтып, оларды ұлағатты әке болуға, жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру арқылы еліміздің болашағына үлес қосуға шақырды. Өздері өмірде әке ретінде бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, жастардың дұрыс бағыт-бағдар алуына зор мән бергендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, олар ұлттық құндылықтар мен ата-бабалардан қалған рухани мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Ел тарихы мен ұлт болашағы, рухани мұра және отбасындағы тәрбие жөнінде өрбіген әңгіме барша қатысушыларды терең ойға батырды. Ата-ананың дұрыс тәрбие беріп, баланы жақсы азамат етіп тәрбиелеуі – тек отбасының ғана емес, тұтас қоғамның да жауапкершілігі екенін ұғынды. Сонымен бірге, үлкендерден алған тәжірибелер мен тәрбиенің жас ұрпақтың дұрыс жолмен жүруінде ерекше маңызы бар екендігі айтылды.
Кездесудің соңында барлық қатысушылар бірігіп, болашаққа деген сеніммен, өздерінің ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, келешекте жастарға тәрбие берудегі міндеттерін жоғары бағалап, алдағы уақытта осындай кездесулердің жиі өткізілуіне тілектестік білдірді. Бұл кездесу жастар үшін бірегей рухани тәжірибе болды, сондай-ақ үлкендер мен жастар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, ұрпақ сабақтастығын сақтауға зор ықпал етті.