Түркістан облысының аумағында 2025 жылдың алғашқы 6 айында жалпы саны 203 өрт дерегі тіркелді. Өрттердің кесірінен айтарлықтай материалдық шығындар туындап, көптеген тұрғындар мен кәсіпорындар зардап шекті. Тілсіз жаудың кесірінен жалпы құны 444 млн 403 мың теңге материалдық шығын келгені туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков мәлімдеді.
«Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында тілсіз жаудың себебінен 3 адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды. Бұл өкінішті жағдайлар көрсетіп отырғандай, өрт қауіпсіздігі мәселесі өте маңызды болып отыр. Өрттің алдын алу, әсіресе қоғамдық және кәсіпкерлік нысандарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті әкімдік пен төтенше жағдайлар қызметінің басты міндеті болуға тиіс», – деп атап өтті Жасұлан Айнабеков.
Департаментпен Мемлекеттік өрт бақылау саласында облыс аумағында сауда саласына тиесілі 31 144 нысан есепке алынған. Бұл көрсеткіштің өзі аймақтағы сауда саласының ауқымдылығы мен оған қатысты өрт қауіпсіздігі мәселелерінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. 2025 жылғы жоспарға сәйкес 4 сауда нысаны тексеріліп, нәтижесінде 75 құқық бұзушылық анықталды. Базар иелеріне кемшіліктерді жою туралы нұсқама беріліп, орындалуы бақылауға алынды.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау кәсіпкерлік нысандарына айтарлықтай қауіп төндіреді, әсіресе көп адам жиналатын орындарда бұл мәселе өзекті. Департаменттің мемлекеттік инспекторларымен және жеке кәсіпкерлік нысандарына белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніне қарамастан, биылғы жылы сауда орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себепті 14 өрт орын алып, өрттен келген материалдық шығын 143 млн. теңгені құрады. Өрттер әдетте электр жүйелерінің дұрыс пайдаланылмауынан, жанып жатқан өнімдер мен құрылғылардың бақылаусыз қалуынан, сондай-ақ өрт сөндіру құралдарының жоқтығынан орын алады.
Бұл жағдайлар сауда орындарында өрт қауіпсіздігі шараларының күшейтілуі қажет екенін көрсетеді. Мемлекеттік инспекторлармен тұрақты түрде тексерулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, кәсіпкерлердің өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауда әлі де кемшіліктер бар. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі бойынша заңнаманы бұзғандар жауапқа тартылуы тиіс, ал тұрғындар мен кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігі талаптарын толыққанды түсініп, оларды орындауға міндетті.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органның ғана емес, барлық тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі екендігін ескеру маңызды. Осы ретте, аймақтағы өрт оқиғаларының санын азайту үшін алдын алу жұмыстарының ауқымын кеңейту және өртке қарсы қызметтердің жұмысын жақсарту қажет екені анық.