Елімізде 2027 жылдан бастап денсаулық сақтау саласын қаржыландырудың сақтандыру моделіне көшу басталады. Бұл өзгеріс денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, пациенттерге көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында қолға алынуда. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов мәлімдеді. Сала басшысының айтуынша, бұл модельдің енгізілуі әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысын жетілдіруге және оны халықтың кең ауқымына таратуға мүмкіндік береді.
«Бұл модельдің ерекшелігі – қызметтердің басым бөлігі азаматтар, жұмыс берушілер және мемлекеттің жарналары мен аударымдары есебінен қаржыландырылатын болады: 65% – МӘМС жүйесі арқылы, 35% – республикалық бюджет есебінен. Бұл жүйе денсаулық сақтау қызметтерін қаржыландырудың тұрақты әрі теңгерімді үлгісін қамтамасыз етеді. Мақсат – халықтың 90%-ын МӘМС жүйесімен қамту және жүйенің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. МӘМС жүйесі арқылы азаматтар медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласының тиімділігін жоғарылатуға ықпал етеді. Келер жылдан бастап Бірыңғай медициналық көмек пакеті енгізіледі, бұл халыққа көрсетілетін медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің толық жиынтығын қамтиды.
Қазіргі таңда облыстағы тұрғындардың 83,1%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған. Бұл көрсеткіш Түркістан облысындағы медициналық сақтандыру жүйесіне деген сенімділіктің артқанын және азаматтардың денсаулығына деген жауапкершілік деңгейінің өскенін білдіреді. Сақтандырылған мәртебе 6 ай бойы сақталады. Бұл ереже азаматтарға сақтандыру жүйесіне кіргеннен кейін медициналық көмек алу кезінде ешқандай қиындықсыз көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Енді МӘМС жүйесіне кемінде 5 жыл тұрақты жарна төлеген азаматтар төлемді уақытша тоқтатқан күннің өзінде 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтап қалады. Бұл шара азаматтардың денсаулық сақтау жүйесінен тыс қалмауын қамтамасыз етеді.
Осылайша, Түркістан облысында МӘМС жүйесінің тиімділігі артып, халықтың денсаулығына қатысты проблемаларды шешуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіледі. Бұл жүйе уақыт өте келе еліміздің денсаулық сақтау саласын қаржылық тұрғыдан тұрақты етуге және азаматтарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге ықпал ететін болады.