Ақпарат

ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 1000 ТОННА БАЛЫҚ ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Өзбекстан Республикасынан келген инвесторлармен кездесіп, жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады. Кездесу барысында әуежай жанындағы жағажайда заманауи балық шаруашылығы кластерін дамытуға бағытталған жоба ұсынылды. Қала басшысы инвесторлармен бірге жобаның жүзеге асырылатын аумағын арнайы аралап, инфрақұрылымдық және инвестициялық мүмкіндіктермен танысты. Бұл жоба Түркістанның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу тұрғысынан маңызды бастама болып табылады.

Жоба аясында Өзбекстандық инвесторлар тарапынан 5 миллион доллар көлемінде жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Жалпы аумағы 100 гектарды құрайтын кешеннің 70 гектары су қоймаларына, 10 гектары интенсивті бассейндерге, ал қалған 20 гектары әкімшілік және өндірістік нысандар мен туристік инфрақұрылымға арналады. Бұл кешен Түркістан өңірінің экологиялық жағдайына және балық шаруашылығын дамытуға оң ықпал етіп, аймақтың экономикасына жаңа серпін береді.

Жобаның негізгі бөлігі ретінде инкубациялық құрылғылар, балық өсіруге арналған интенсивті су айдындары, шабақ және балық өсіретін шаруашылықтар құрылады. Сонымен қатар, 200 орынға арналған заманауи қонақүй мен мейрамхана да салынатын болады. Бұл инфрақұрылым аймақтың туризмін дамытуға да үлкен мүмкіндік береді. Жоба іске қосылғаннан кейін жылына 1000 тонна балық өндіріліп, 50 миллион дана шабақ және 400 мың балық өсіріледі деп күтілуде. Бұл көрсеткіштер Түркістанның балық шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып, нарықтағы сұранысқа жауап беруге мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру алты кезеңнен тұрады және толық іске қосылу мерзімі – 2 жыл. Жоба аяқталған соң 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда, бұл жергілікті тұрғындар үшін жаңа еңбек нарығының қалыптасуына ықпал етеді.

Қазіргі таңда жобаны іске асыруға қатысты тараптар арасында өзара ынтымақтастықты бекітуге бағытталған құжаттар дайындалуда. Бұл жоба Түркістан қаласының экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге және аймақтың ауыл шаруашылығы мен туризм секторларында серпін беруіне зор үлес қосатын болады.

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕК АДАМЫ — ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

azatmedia

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ ОБЛЫС АУДАНДАРЫН АРАЛАУДА

azatmedia

ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ МАҚСАТЫНДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ЖҰМЫС ТОБЫ КЕЛДІ

azatmedia