Мәдениет

ТҮРКІСТАН: ҚХА-НЫҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ АЯСЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА «БАБАЛАР ҮНІ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында «Елтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айтудан «Бабалар үні» байқауы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай өткен байқау этнос өкілдері арасында қазақтың ауыз әдебиеті мен ұлттық өнерін, мемлекеттік тілді насихаттау, талантты эпос жырын орындаушыларды анықтау және оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Байқау аясында жас ұрпаққа ұлттық мұраны дәріптеп, еліміздің бірлігін нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов құттықтау сөзбен ашып, байқаудың ұлттық рухты жаңғыртатын, жас буынның бойында мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Ұлттық өнерді ұлықтаған байқауға өңірдегі барлық аудан, қалалардан жиналған этнос жастары қатысып, батырлар жырын жатқа айтты. Қатысушылардың өнері көрермендер мен қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Қатысушылардың өнерін сараптаған қазылар алқасының құрамында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Дайындық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бегімжан Айтбаев, №34 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагог-шебер, магистр Жансая Шорабекова болды.

Қазылар алқасы байқауда қатысушылардың жырды жатқа айту шеберлігіне, дауыс ырғағына, сахналық мәдениетіне және эпостың мәнін дұрыс жеткізуіне баға берді. Байқау барысында әрбір қатысушының қазақ эпосының бай мұрасын толық игеруі және оны көркем орындау дағдылары анықталды. Нәтижесінде, түлкібастық Азиза Кажиева 1-орынды жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды сарыағаштық Ойниса Алаярова, 3-орынды жетісайлық Наргиза Гайбуллаева иеленді. Қатысушылардың арасында ерекше көзге түскендер ынталандыру сыйлықтарымен де марапатталды. Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

Байқаудың өтуі ұлттық өнердің, соның ішінде қазақ эпосының маңыздылығын көрсету мен оны жаңғыртуға бағытталған бірегей шара болып саналады.

Қатысты жаңалықтар

“Қасиетті өлке-киелі мекен”

azatmedia

Қазығұрт ауданының тарихи-мәдени мұра нысандары: Ысмайыл Ата кесенесі

azatmedia

БАЛАЛАР КІТАПХАНАСЫ САЯБАҚТА ТАНЫМДЫҚ ШАРА ӨТКІЗДІ

azatmedia