Ақпарат

ТҮРКІСТАН: ТҮЛКІБАСТА ЭКОТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ТЫҢ ЖОБА БАСТАУ АЛДЫ

Түркістан облысы, Түлкібас ауданына қарасты Арыс ауылдық округінде экотуризмді дамытуға бағытталған қоршаған ортаны қорғау мен жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат еткен «ALTY KÖL» жобасы бастау алды. Бұл жоба Түркістан облысындағы экотуризмді дамытуға зор үлес қосады және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ғабит Пернебаев есімді жеке кәсіпкер өзіне тиесілі 10 гектар жердің 5 гектарына 6 жасанды көл жасап, қалған 5 гектарына ауданда сирек кездесетін сәнді ағаштар, қауын қарбыздың түр-түрін, жүгері, алма бауын отырғызған. Бұл жұмыс аймақтың экологиясын жақсартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Бүгінгі таңда жоғарыда аталған 6 көлдің екеуіне кәсіпкер балық шабақтарын жіберіп қойған. Біріне 10 мың дана хан (форель) балығының шабақтарын жіберсе, екінші тоғанға бекіре балығының шабақтарын жіберген. Бұл жобаның аясында судың сапасы мен экологиялық тепе-теңдікке ерекше назар аударылып, табиғатқа зиян келтірмей, балық шаруашылығы дамытылуда. Алдағы уақытта қалған көлдерді де қамтуды көздеп отыр.

Ендігі кезекте кәсіпкер жасыл желекке оранған аймақты абаттандыруды қолға алып, демалыс аймағына айналдыруды көздеп отыр. Яғни, бұл жерде кәсіпкердің айтуынша этноауыл, амфитеатр, шағын зообақ, демалыс үйлері, спорт алаңдары мен атпен серуендеу қызметі және т.б. түрлі қызмет түрлері демалушыларға ұсынылмақ. Мұндай құрылымдар туристерді тарту арқылы аймақтың экономикасына қосымша табыс әкеледі, сонымен қатар жергілікті халық үшін жаңа жұмыс орындарын ашады.

Аталған жобаның идеясын кәсіпкер Австрия елінен алғызып, сызбасын Ресей еліндегі білікті мамандарға сыздырған. Бұл жобаның халықаралық деңгейде жүзеге асырылуы оны аймақтық туризмнің жаңа деңгейіне көтеруді жоспарлап отыр. Аталған шаруашылыққа аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары Ғани Құрманбай арнайы барып, жобамен етене танысып, кәсіпкердің тың бастамасына сәттілік тіледі.

Мемлекеттен қолдауларды ұсынған аудан басшысы бүгінде балық шаруашылығын бастап отырған кәсіпкерге оның жемінің 30 пайызын субсидиялауды ұсынып, сүйемелдеу бойынша жауапты орынбасарына нақты тапсырмалар берді. Бұл қолдау кәсіпкердің жобасын жедел әрі тиімді іске асыруға көмек болады.

Айта кетерлік, биыл Түлкібас ауданында бұдан бөлек туризм саласын дамытуға бағытталған жалпы құны 4,4 млрд. теңгені құрайтын 3 ауқымды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар аймақтағы инфрақұрылымның жақсаруына және туризм саласының дамуына мүмкіндік береді. Оларда 220 адамға жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұл бастамалар ауданның экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, туризм мен жергілікті кәсіпкерлікті ынталандыруға көмектеседі.

Қатысты жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ ПАРТИЯ АЛАҢЫНДА ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

azatmedia

ОТЫРАР: АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІ АУДАН ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНАН АҚТӨБЕ ӨҢІРІНІҢ СУ БАСҚАН АЙМАҚТАРЫНА 30 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖІБЕРІЛДІ

azatmedia