Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Шаһардың көркейіп, дамуы үшін тұрғын үй салу – қала әкімдігі үшін басты міндеттердің бірі болып табылады. Шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс алаңдарын аралап, құрылыс жұмыстарының барысы мен сапасын бақылай отырып, жұмыс процесімен танысты. Сапалы құрылыс пен қолайлы инфрақұрылым — тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың басты негізі екенін атап өткен қала басшысы, құрылыс алаңдарында мердігерлермен бірлескен жиын өткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
Шаһар басшысы алдымен қаланың жаңа тынысын ашатын Отырар шағын ауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жалпы ауданы 11,4 гектарды құрайтын жобаны «Project Building» ЖШС жобалаған. Бұл жобаның жүзеге асуы қала тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ұсынып, инфрақұрылым мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға ықпал етуде. 800 пәтерден тұратын тұрғын үйлердің бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталған. Бұл үйлер тұрғындар үшін заманауи және жайлы өмір сүру кеңістігін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы жұмыстардың аясында балалар алаңдары, саябақтар мен жасыл желек отырғызу жоспарланған, бұл тұрғындардың демалысқа арналған кеңістігін арттырады. Жалпы құрылыс жұмыстарының 95 пайызы орындалған.
Әзімбек Пазылбекұлы нысанның сапасына ерекше назар аударып, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде және тиісті стандарттарға сай аяқталуын тапсырды. Құрылыс сапасы, сондай-ақ құрылыс материалдарының стандарттарға сәйкес болуы ерекше қадағалауда. Айта кетейік, кезекте тұрған тұрғындар үйлерді «Отбасы банк» арқылы ғана сатып ала алады. Бұл қадам халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған тиімді шешімдердің бірі болып табылады. Банк арқылы тұрғындар жеңілдетілген шарттармен және ұзақ мерзімге несие ала алады.
Сондықтан қала тұрғындары аталған банктің бөлімшелерінде кеңес алып, құжаттарын жинап, қажетті рәсімдерді орындау үшін арнайы мамандармен жұмыс істейді. Түркістан қаласында тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Бұл салада шаһар басшылығы барынша үйлесімді жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Қала әкімдігі алдағы уақытта да әлеуметтік әл-ауқатты арттыру мақсатында қолжетімді баспана салуға және сапалы инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше мән бермек. Құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруда тұрғындардың пікірлерін ескере отырып, олардың өмір сүру деңгейін жоғары деңгейде ұстауға тырысады.