Ақпарат

ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТҮРКИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков Түркиядан келген инвестормен іскерлік кездесу өткізді. Бұл маңызды кездесудің мақсаты – екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту және Түркістан облысында жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша келіссөздер жүргізу болды. Кездесуде қос тарап өкілдері өңірдің өндіріс саласының әлеуетін талқылап, аймақта құрылатын кәсіпорындардың жаңа мүмкіндіктері мен болашақтағы құрылыс жұмыстары туралы пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, осыған дейін облыс басшысы Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі компания өкілдерін қабылдап, өңірде биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер өндіретін жаңа зауыт ашу жобасы бойынша келіссөздер жүргізген-ді. Бұл маңызды инвестициялық жоба облыс экономикасына қосымша қуат беріп, аймақтағы жұмыс орындарының санын арттырады. Жоба шеңберінде жаңа технологиялар мен өндіріс әдістері енгізіліп, өңірдің өнеркәсіптік саласын алға жылжытуды көздейді.

– Түркі елдерінің рухани астанасы және аймақтың даму орталығы болып табылатын Түркістан қаласына қош келдіңіз! Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға әрі өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ықпал етеді деп сенемін. Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қарым-қатынасы тек тарихи ғана емес, экономикалық тұрғыда да өте маңызды. Осы сәтті пайдалана отырып, біріншіден, облысымыздың дамуына қосқан үлесіңіз үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі таңда облысымызда инвестициялық ахуал өте қолайлы, инвесторларға барлық қажетті жағдайлар жасалған. Бұл облысымыздың кәсіпкерлік саласын дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Инвесторларға дайын өндіріс алаңдары ұсынылады, сондай-ақ жаңа өндірістік жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске асуда. Біз өңірімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ниетті шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Сізбен бірлесе қолға алған жобаларымызды жүзеге асырып, құрылыстарын жақын арада аяқтап, оның нәтижелерін бірге көретінімізге сенімдімін, – деді облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков.

Айта кетейік, түркиялық кәсіпорын дүниежүзілік нарықта өзін танытқан 100-ден астам түрлі препараттарды өндіретін халықаралық деңгейдегі ірі компаниялардың бірі болып табылады. Оның өнімдері 50-ден астам елдерге экспортталып, әлемнің түрлі бөліктерінде сұранысқа ие. Бұл компанияның Түркістан облысында жаңа өндірістік зауыт салуы аймақтың экономикасына қосымша серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді. Зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында салынады деп жоспарланып отыр. Бұл аймақ инфрақұрылымы жағынан өте ыңғайлы және инвесторларға көптеген жеңілдіктер ұсынатын аймақ болып табылады.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖАҢАРТЫЛҒАН ЖОЛДАРДЫҢ ҮЛЕСІ 70%-ҒА ДЕЙІН АРТАДЫ

azatmedia

КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

azatmedia

Алматыда бір отбасын ойрандаған сантехниктің кім екені белгілі болды

azatmedia