Ақпарат

ТӨЛЕБИЛІК КӘСІПКЕР ТОҒАНДАРДА 80 ТОННАҒА ЖУЫҚ БАЛЫҚ ШАБАҚТАРЫН ӨСІРІП ОТЫР

Балық шаруашылығын дамыту мемлекет тарапынан экономиканың маңызды саласы ретінде қаралып, кәсіпкерлерге қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетілуде. Осы бағытта Төлеби ауданының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер арасында тығыз қарым-қатынас орнатылып, балық шаруашылығы саласында көптеген ауқымды жобалар іске асырылуда. Биылғы жылы осы саладағы маңызды қадамдардың бірі – Төлеби ауданындағы «Fish House» ЖШС-нің жаңа жобасының іске қосылуы.

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Киелітас ауылдық округінде орналасқан «Fish House» ЖШС-не арнайы барып, серіктестіктің балық шаруашылығын дамыту жұмыстары мен алдағы жоспарларымен танысты. Бұл кәсіпорын ауданның агроэкономикасын жақсартуға және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған ауқымды жоба.

Жеке кәсіпкер Нұртас Шағыров аудан әкіміне балық шабақтары жіберілген арнайы бассейндерді көрсетіп, шаруашылықтың дамуына арналған келешек жоспарларымен бөлісті. Кәсіпкердің айтуынша, олар сазан және форель балықтарын уылдырық арқылы көбейтіп, арнайы жасалған тоғандарда бекіре тұқымдас балығын өсіруді қолға алған. Инвестиция құны – 400 млн теңге, бұл балық шаруашылығының дамуына бағытталған үлкен қаржы ауқымындағы жоба.

Қазіргі таңда арнайы жасалған бассейндерге 15 тонна сазан шабағы, 60 тонна форель және 3 тонна бекіре балығы жіберілген. Бұл тоғандардағы балықтардың өсуін бақылау, су сапасын тексеру және тұрақты өнім алу жұмыстары қатаң бақылауға алынған. Кәсіпкер қазіргі таңда 50 ауыл тұрғынын уақытша жұмыс орнымен қамтып отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30 адамға тұрақты жұмыс орнын ұсыну арқылы арттыру көзделуде.

Сонымен қатар, қожалық иесі өз қаржысы есебінен жол бойына замануи балалар ойын алаңшасын салып, халыққа пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл бастама, бір жағынан, халықтың демалысын жақсартып, аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етсе, екінші жағынан – балалар мен отбасылар үшін жақсы жағдайлар жасайды.

Кәсіпкер Нұртас Шағыров форель балығын салқын ауа райында арнайы орындарда өсіріп, күз мезгілінде ашық бассейндерге жіберуді жоспарлап отыр. Бұл тәсіл балықтардың өсуіне оң әсер етеді және олардың сапасын арттырады. Сонымен қатар, кәсіпкер ауданға келуші туристер үшін балықтың бірнеше түрін ұсынатын этно стильде дәмхана ғимаратының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл жерге туристер келіп, жергілікті өнімдермен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, демалу мүмкіндігіне ие болады.

Жобаның аясында тоған айналасына ерекше жеміс ағаштары отырғызылып, абаттандыру жұмыстары да қолға алынған. Бұл аймақтың экологиялық тазалығы мен әсемдігін сақтау, сондай-ақ, табиғи көріністерді сақтап қалу мақсатында атқарылатын жұмыстар болмақ.

Ауыл экономикасының ілгерілеуіне үлес қосып, халықты жұмыспен қамтуда ерекше рөл атқаратын бұл жоба облыстағы балық шаруашылығын дамытуға елеулі әсерін тигізеді. Кәсіпкердің тың бастамалары мен инфрақұрылымдық жобалары Түркістан облысындағы туризмді дамытуға және аграрлық секторды жаңғыртуға зор ықпал ететін болады.

Қатысты жаңалықтар

ЕҢБЕК АДАМЫ

azatmedia

САПАЛЫ ӨМІР ТЫНЫСЫ – ҚОЛЖЕТІМДІ ДӘРІ

azatmedia

ӨНДІРІСТЕГІ ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРУҒА ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

azatmedia