Ақпарат

САЙРАМ: АҚСУ ӨЗЕНІ БОЙЫНДАҒЫ ЖЕР ТЕЛІМДЕРІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың төрағалығымен өткен кезекті жұмыс жиынында Ақсу өзенінің бойында орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандарға берілген жер телімдерінің құқықтық негізі жан-жақты қаралды.

Жиын барысында аудан басшысы аудандық жер қатынастары бөліміне, сондай-ақ құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімдеріне осы аумақтағы барлық жер учаскелерінің құжаттарын зерделеп, заңдылықтарын нақтылауды тапсырды. Бұл жұмыстар өңірде жер пайдаланудың заңға сай әрі мақсатты жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Басқосуға ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшылары қатысып, жер қатынастары саласындағы жалпы атқарылып жатқан жұмыстар мен туындаған мәселелер ортаға салынды. Аталған учаскелерде жеке кәсіпкерлік мақсатта берілген жерлердің кейбірінің құжаттары мен орналасу ретіне қатысты сұрақтар туындап отырғаны атап өтілді.

Аудан әкімі Арман Сабитов:
«Жер мәселесі — әрқашан өзекті. Заңдылық сақталмаса, бұл кейін дауға, тіпті тұрғындар тарапынан наразылыққа себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір телім бойынша құқықтық жағдай нақты тексеріліп, қажет болған жағдайда заңбұзушылықтар жойылуы тиіс», — деп атап өтті.

Жансая автожолындағы көпір құрылысы да назарда. Жиында, сонымен қатар, Жансая автомобиль жолының бойында жүргізіліп жатқан көпір құрылысының қазіргі жағдайы туралы да есеп тыңдалды. Жауапты бөлім мамандары жобаның жүзеге асу барысы, құрылыс мерзімі мен сапасына қатысты толық ақпарат ұсынды.

Аудан әкімі аталған инфрақұрылымдық жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, құрылыс жұмыстарын үнемі бақылауда ұстауды және белгіленген мерзімде сапалы түрде аяқтауды тапсырды.

Қатысты жаңалықтар

КЕЛІСТІ ОЙ КЕСІМДІ ҚОЛДАУЫН ТАПТЫ

azatmedia

Алматы: «Дәрігерлер соқырішекті анықтай алмай, қызымыздан айырылдық»

azatmedia

Асхат Аймағамбетов балалық шағын айтып берді

azatmedia