Ақпарат

КЕЛЕС: МАҚСАТСЫЗ ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ЖЕРЛЕР МЕМЛЕКЕТ ҚОРЫНА ҚАЙТАРЫЛУДА

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде аудан үшін маңызды үш мәселе қаралды. Атап айтсақ, мақсатсыз немесе заң талаптарын бұза пайдаланылып жатқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару, ауылдық округтердегі ерікті өрт сөндіру құрамының жұмысы және азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері.

Алғашқы мәселе бойынша Келес ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы Абай Молданов баяндама жасады. Ол өз сөзінде жерді заңсыз немесе мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді.

Биыл Келес ауданы аумағынан 4500 гектар жерді мемлекетке қайтару жоспарланған болса, маусым айына дейін оның 810 гектарын қайтару көзделген. Қазіргі таңда 1023,6946 гектар жер арнайы жер қорына қайтарылды.

Мал басы тіркелмегені анықталған 185 жер пайдаланушыға қатысты зерделеу жұмыстары нәтижесінде бұл көрсеткіш 135 жер иеленушіге немесе 25 607,56 гектарға дейін қысқарған. Қалған 52 жер пайдаланушының 1581,188 гектар жері бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп, тиісті ескертулер берілген.

Сонымен қатар, Келес ауданы прокурорының ұсынысы негізінде Бірлік ауылдық округінен 16 177,6 гектар жайылым жер мемлекет мұқтажына алу үшін аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған. Нәтижесінде 42 жер пайдаланушының ішінен 17-сі келісім берсе, қазіргі таңда 16 жер пайдаланушыға қатысты сот процесі жүргізілуде.

Келесі мәселе бойынша Келес ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жеңіс Лесбаев хабарлама жасады. Ол ауылдық округтерде құрылған ерікті өрт сөндіру құрамдарының қызметі мен жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы баяндады. Бөлім тарапынан өрттің алдын алу, суға шомылу кезінде қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жеткізілуде.

Мәжілістің үшінші мәселесі бойынша Келес және Сарыағаш аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы Бекзат Шахирбаев баяндады. Ол биылғы көктемгі шақыру науқанының қорытындыларын атап өтіп, ауданнан белгіленген мерзімде азаматтарды әскери қызметке жіберу жұмыстары жоспарға сай атқарылғанын хабарлады.

Жиын соңында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріп, аталған мәселелер бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті. Әкім мәжіліс барысында жер заңнамасының сақталуын, жайылым жерлердің тиімді пайдаланылуын және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Қатысты жаңалықтар

ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР – ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ ЖАРШЫСЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА МҰХТАРХАН ДІЛДӘБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БОКС ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІ МЕРЕКЕСІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

azatmedia