Ақпарат

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мәжілістегі “AMANAT” фракциясының мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Темір Қырықбаев Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, бірқатар маңызды әлеуметтік нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Депутат сапар барысында ең алдымен аудан орталығындағы Мақтаарал мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Жиынға аудан әкімі Бақыт Насырханұлы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Жарқынбек Ережепұлы, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, ауыл әкімдері, бөлім басшылар мен тұрғындар қатысты.

Кездесу барысында депутат өзінің заң шығарушы органдағы қызметі, өңірлік даму бойынша қабылданып жатқан заңдар мен бағдарламалар туралы баяндады. Тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдап, олардың әрқайсысы бойынша нақты жауап берді.

— «Сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіз – біздің жұмысымыздың негізі. Барлық көтерілген мәселелер назарға алынып, Парламент қабырғасында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады», — деді депутат.

Одан соң халық қалаулысы Достық ауылдық округіне қарасты Ж.Қалшораев елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан жаңа мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Аталған нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Жобаның жалпы құны – 743,6 млн теңгені құрайды. Мәдениет үйі мен оған іргелес кітапхана 2025 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Сондай-ақ, Темір Базарбайұлы Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ынталы елді мекенінде де болды. Мұнда да жаңа мәдениет үйі мен кітапхана, спорт залы бой көтеріп жатыр. Құрылысқа бөлінген қаржы көлемі – 794 млн теңге. Бұл нысан ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуге, мәдени және спорттық өмірін дамытуға серпін береді.Х

алық қалаулысы Мырзакент кентінде орналасқан мектеп-гимназияның күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ауданда қазіргі таңда 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Депутат нысандардың сапасы, қаржыландыруы және мерзімі бойынша нақты мәселелерге назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

— «Балаларымыз заманауи, қауіпсіз және қолайлы мектептерде білім алуға тиіс. Бұл бағыттағы әр тиын мақсатты әрі тиімді жұмсалуы қажет. Білім беру саласы ауданның дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық маңызы бар сала», — деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дейін барлық білім беру мекемелерінің толық дайын болуын қамтамасыз ету міндеті қойылды.

Сапар соңында халық қалаулысы елді мекендерді табиғи газбен және ауыз сумен қамту мәселелерін де талқылады. Бұл бағыттағы өзекті проблемалар назардан тыс қалмай, шешу жолдары пысықталды. 

Қатысты жаңалықтар

ІСКЕРЛІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

azatmedia

АҚСАҚАЛДАР ЖӘНЕ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ БІРЛЕСКЕН III ТОҚСАНДЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

azatmedia

ДӘРІГЕРЛЕР АЭС САЛУДЫ ҚОЛДАЙДЫ

azatmedia