2025–2030 жылдарға арналған «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету» тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында өткізілетін апталық іс-шаралар шеңберінде «Қоғамға қызмет ету күні» өткізілді. Осыған орай арнайы құрылған мобильді топ Шардара ауданы тұрғындарымен кездесті.Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қаржылық және интернет алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ халық пен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайту.
Мобильді топ құрамында Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің өкілі Тасболатов Али, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Бидайбек Дулат Қайратұлы болды. Сонымен қатар, шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Туребеков Бейсенбай Тасболатұлы, аудан прокуратурасының аға прокуроры Дартаев Санжар Ильясұлы, прокурор Қайнаров Руслан Нүркенұлы, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Сатыбалдиев Қасымхан Өмешұлы және аудандық жеке сот орындаушысы Бакиров Нурлан Курбанбаевич қатысты.
Мобильді топтың міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беру, қоғамдық қабылдаулар өткізу және азаматтарды толғандыратын мәселелерді талқылау.Іс-шараға сондай-ақ аудандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қала әкімдігі өкілдері, әлеуметтік сала мамандары мен заңгерлер қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Бидайбек Дулат Қайратұлы баяндама жасап, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен құқықтық ақпаратқа қолжетімділіктің маңыздылығын атап өтті. Ол халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге болатынын нақты мысалдармен түсіндірді.Кездесу барысында тұрғындар тарапынан түрлі алаяқтық әрекеттеріне қатысты сұрақтар қойылып, нақты құқықтық түсіндірмелер берілді. Интернет алаяқтық мәселесі бойынша бірнеше азамат құқықтық кеңеске жүгініп, барлығына тиісті жауаптар ұсынылды.
Мұндай мобильді қабылдаулар тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың көкейіндегі мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік беретін тиімді құрал болып табылады. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.