Қоғам

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Түркістан облысындағы «Eco Village Kaskasu» демалыс аймағында салтанатты іс-шара өтті. Оған аймақтың ардагер журналистері, еңбегімен дараланып жүрген үздік БАҚ өкілдері шақырылды. Салтанатты, шабытты мерекеге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, журналистерді құттықтады.

– Сіздерді Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттің дамуы үшін ақпарат құралдарының маңызы айрықша. Халық пен билік арасындағы «алтын көпірге» айналған БАҚ өкілдері қашанда құрметке лайық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды» деген болатын. Осы сенімді ақтап, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін. Биыл облыс орталығының Түркістанға көшірілгеніне 7 жыл толды. Қысқа уақыт ішінде өңір үлкен өзгерістер мен даму жолынан өтті. Бұл өзгерістерге журналистер үлкен үлес қосты. Кәсіби ұстанымға адал болып, шынайы ақпарат таратып жүрген БАҚ өкілдеріне алғысым мол. Қаламдарыңыз қуатты, еңбектеріңіз жемісті болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке және сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.

Мерекелік іс-шарада ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүрген БАҚ өкілдері марапатталды. Атап айтқанда, журналистика саласының үздіктеріне «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен бірге Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаты да өз иелерін тапты.

Мерейлі кеште облыстың өнер ұжымдары мен талантты әншілері өнер көрсетіп, мерекенің сәнін келтіре түсті. 

Қатысты жаңалықтар

ПРЕЗИДЕНТ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ БРЕНДІН ДӘРІПТЕУ ТЕТІКТЕРІНЕ ТОҚТАЛДЫ

azatmedia

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ» ФЕСТИВАЛІНІҢ КӨШІН ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ЖАЛҒАДЫ

azatmedia

Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері

azatmedia