Ақпарат

АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ ҚҰНДЫ ҚАЗЫНАСЫ

Бүгін «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, өңірдегі ақ халатты абзал жандарға құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ақарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, адам өміріне араша түсіп, денсаулық сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарға шексіз алғысын білдірді. Ол медицина саласы – мемлекет дамуы мен қоғам әл-ауқатының маңызды тірегі екенін атап өтіп, бұл саланың мамандары үнемі ерекше құрмет пен қолдауға лайық екенін айтты. «Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, төзімділіктеріңіз бен жанкешті еңбектеріңіздің арқасында мыңдаған адам сауығып, өмірге үмітпен қарайды. Қиындығы мен жауапкершілігі зор бұл салада табандылықпен еңбек етіп жүрген баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға амандық, әріптестік бірлік пен толағай табыс тілеймін!» – деді ол құттықтау сөзінде.
Полат Мұратұлы партия атынан облыстың денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы еселі еңбек етіп жүрген бірқатар медицина қызметкеріне «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің атынан арнайы Алғыс хаттарды табыс етті. Алғыс хатта «Сізге отандық медицинаны дамыту жолындағы қажырлы еңбегіңіз бен сүбелі үлесіңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Адам жанына араша түсіп, үміт пен сенім сыйлау – үлкен жауапкершілік пен рух мықтылығын талап ететін ұлы міндет. Сіз осы жолда кәсіби шеберлік пен адамгершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Халықтың алғысына бөленіп, абырой биігінен көріне беруіңізге тілектеспін!», – делінген.
Медицина тек мамандық емес, бұл күн сайын адам өміріне араша түсіп, саулық пен сенім сыйлайтын іс. Түркістан облысында бүгінде 6 мыңға жуық дәрігер мен 20 мыңдай орта буын медицина қызметкері жұмыс істейді. Олар күн сайын мыңдаған тұрғынның денсаулығы үшін күресіп, қоғамдағы ең жауапты саланың сенімді тірегі болып отыр.
Айта кетейік, еліміз бойынша партия құрамындағы 70 мыңға жуық мүше – медицина саласының өкілі. Бұл – «AMANAT» партиясының адам капиталына, денсаулық сақтау жүйесіне ерекше назар аударатынын айқын көрсетеді. Түркістан облысындағы көптеген бастауыш партия ұйымдары дәл осы сала қызметкерлерінен құралған және олар қоғамдық бастамаларды ілгерілетуде белсенділік танытып келеді.
Ақ халатты жандардың қоғамдағы рөлі қашан да биік. Сондықтан «AMANAT» партиясы медициналық қызметкерлердің еңбегін жоғары бағалап, алдағы уақытта да оларды жан-жақты қолдауды жалғастыра бермек.

Қатысты жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ҚАЗЫҒҰРТТЫҚ ЖАСТАР 1700 МЕТРДЕН АСТАМ БИІКТІККЕ ТУ ТІКТІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ОРМАНДЫ АЛҚАПТАРДА ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

azatmedia

ЖАЙЫЛЫМ ЖАЙЫ ҚАРАЛДЫ

azatmedia