Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитов агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің 5000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау кешенінде болды. Ондағы жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. Мұнда ірі қара малға арналған бордақылау алаңынан бөлек, мал сою пункті қарастырылған. Алдағы уақытта кәсіпорынында шығарылатын еттен ешқандай қалдық қалмайтын болады. Жобаны жүзеге асырушы кәсіпкерлердің айтуынша малдың басынан бастап, ішек-қарын, сирағы мен сүйегіне дейін пайдаға асырылмақ. Тіпті, етті өндіру барысында пайдаланылған судың өзі жәй төгілмей, қайта өңделеді. Сонымен қатар, кешен құрамында етті терең өңдейтін цех пен қан өңдеу кәсіпорны бар. Аталған ірі жоба толық толық іске қосылған соң 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, тоңазытқыш камераларды орнату жүргізілуде. Ондағы құрылғылар негізінен Беларусь және Қытай елінен алып келінген. Аралау барысында аудан басшысы А.Сабитов бұл жобаның өңір экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызы зор екендігін атап өтті. Әсіресе, осындай ірі жобаның халқы еңбекқор, шаруашылығы дамыған Сайрам ауданында бой көтеруі өте тиімді болмақ.
Алдынғы жаңалық