Ақпарат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ СУ АЙДЫНДАРЫНДА ҚАУІПСІЗДІК ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Шомылу маусымы баталғанда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Дәурен Жүсіпов баяндады.

«Облыс көлемінде орын алған 8 қайғылы жағдайда 2 бала суармалы каналдарда, 2 оқиға Келес және Машат өзендерінде орын алған. Бұдан бөлек, 2 оқиға жылыжай маңындағы су жиналған шұңқырларға, 1 оқиға кәріз жүйесіндегі шұңқырға, ал тағы бір оқиға үй ауласындағы су толы ыдысқа құлау салдарынан болған. Мамандардың айтуынша, көктем мезгілінде ауа-райының жылынуына байланысты балалар су жағасына жиі барады. Сондықтан ата-аналардың бақылауының әлсіреуі орны толмас жағдайларға әкелуде. Қайғылы оқиғалардың алдын алу шаралары аясында өңірде кең көлемді профилактикалық және рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Құзырлы органдар, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен су айдындарында тұрақты тексерулер ұйымдастырылуда. Қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауапкершілік қарастырылған. 2025 жылғы шомылу маусымында жүргізілген рейдтер нәтижесінде 151 жеке тұлғаға 2 078 062 теңге көлемінде айыппұл салынса, 3 заңды тұлға мен 3 кәсіпкерге 235 920 теңге айыппұл салынған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Өңір тұрғындарымен 106 кездесу ұйымдастырылып, оған 5 мыңға жуық адам қатысқан. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында 300-ден астам түрлі форматтағы сабақтар өткізіліп, мыңдаған оқушы қамтылды. Мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады» – деді спикер.

Су айдындарындағы қауіпсіздік шараларының күшеюі өңірде қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстың маңызды бөлігі болып отыр. Профилактикалық рейдтер мен түсіндіру шаралары тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Балалардың суға түсу кезіндегі бақылаусыз қалуы жиі қайғылы оқиғаларға себеп болатынына байланысты ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселесі ерекше назарда тұр. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.

Айыппұл салу тәжірибесі қауіпсіздік талаптарын бұзудың алдын алуға бағытталған тежегіш механизм ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, бұл шаралар су айдындарындағы тәртіпті күшейтіп, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы кеңейтіліп, судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру жүйелі сипат алса, қайғылы оқиғалардың санын азайтуға мүмкіндік туады.

Қатысты жаңалықтар

ПАРТИЯҒА ҮМІТ АРТЫП КЕЛДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

azatmedia

КӘСІПОДАҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІ ӨТТІ

azatmedia