Түркістан қаласында халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру бағытындағы мемлекеттік саясат жүйелі түрде іске асырылып келеді. Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі 2025 жылдың алғашқы бес айында төрт негізгі бағыт бойынша кешенді жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда: еңбек қатынастарын реттеу, аз қамтылған азаматтарды қолдау, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну.2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында 1149 отбасы (7086 адам) атаулы әлеуметтік көмекке ие болды. Оның ішінде 778 отбасына шартты, 399 отбасына шартсыз көмек тағайындалды. Сонымен қатар, 2165 балаға қосымша жәрдемақы төленді. Қазіргі таңда қалада 15 743 көпбалалы ана тіркеліп, оларға әлеуметтік мәртебесіне сәйкес қолдау көрсетіліп келеді.Қала бойынша 12 031 мүмкіндігі шектеулі азаматқа қажетті оңалту құралдары мен әлеуметтік қызметтер ұсынылды. 6325 түскен өтінімнің 4033-і орындалып, жұмыстың тиімділігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаты қамтамасыз етілуде. Жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметімен қамту деңгейі 99–100 пайызды құрады.Жұмыспен қамту саласындағы реттеу тетіктерінің бірі ретінде еңбекші көшіп келушілерге рұқсат беру және оны ұзарту бойынша 6012 өтінім қабылданып, заңнама аясында рәсімделді. Бұл еңбек ресурстарының заңды негізде пайдаланылуын және көші-қон үдерістерінің тиімді басқарылуын қамтамасыз етеді.Қалада 17 628 зейнеткер тұрады. Олардың ішінде түрлі әлеуметтік санаттағы ардагерлерге атаулы күндер мен мерекелер аясында қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл мемлекет тарапынан аға буынның еңбегін құрметтеудің нақты көрінісі.Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған инватакси және әлеуметтік такси қызметтері тұрақты түрде 262 адамға көрсетілуде. Сондай-ақ, күндізгі қатынау орталығы арқылы 50 ерекше балаға тұрақты қолдау ұйымдастырылған.Жалпы алғанда, аталған шаралар – Түркістан қаласында әлеуметтік әділеттілікті, тең мүмкіндіктерді және халықтың әл-ауқатын нығайтуға бағытталған мемлекет саясатының өміршеңдігін көрсетеді.
Келесі жаңалық