Мәдениет

ҚАЗЫҒҰРТ: “САЗДЫ ӘУЕН МЕН СЫРЛЫ ҮН” ВОКАЛДЫ-АСПАПТЫ АНСАМБЛЬДЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Бүгін Қазығұрт ауданында мәдениет саласы бойынша маңызды әрі ерекше оқиға — “Сазды әуен мен сырлы үн” атты вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық байқауы өтті. Бұл шараға Түркістан облысының әр ауданынан келген 11 өнер ұжымы қатысып, өздерінің кәсіби шеберліктері мен орындаушылық деңгейлерін ортаға салып, өнерлерін халыққа ұсынды. Байқау қатысушылары тек музыкалық техникаларын ғана емес, шығармашылық қабілеттері мен өнерге деген сүйіспеншіліктерін де паш етті.

Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар қазақ композиторларының шығармаларынан бір туынды орындады, бұл кезеңде олар өздерінің дәстүрлі қазақ өнеріне деген құрметін білдіріп, сол саладағы терең білімдерін көрсетті. Екінші кезеңде қатысушылар еркін тақырыпта композициялар ұсынды, бұл олардың жан-жақтылығын, көркемдік және бейнелеу мүмкіндіктерін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік берді. Осылайша, байқау екі түрлі форматта өткізіліп, қатысушылардың орындаушылық шеберліктері, музыкалық мәдениеті мен шығармашылық әлеуеті толыққанды бағаланды.

Салтанатты шараны Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Оразалиев Мадияр Мұхтарұлы ашып беріп, қатысушы ұжымдарға сәттілік тілеп, өнер додасының маңыздылығын атап өтті. Мадияр Мұхтарұлы өз сөзінде мұндай байқаулардың ауданымыздағы мәдениет саласына қосқан үлесі мен мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық потенциалын дамытудағы рөлін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, аудан басшысы мәдениет саласына көрсетіліп жатқан қолдау мен осындай байқаулардың өнер иелерінің шығармашылығын шыңдаудағы маңызын түсіндірді.

Байқауға қазылық жасау үшін Қазақстанның мәдениет қайраткері, Жамбыл облысы мен Шымкент қаласының белгілі өнер қайраткері Лесбаев Сайлаубек Ермекбайұлы, “Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы” МКҚК-ның “Мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру” бөлімінің жетекшісі Жұманов Мұрат Төреханұлы, сондай-ақ Қазығұрт аудандық “Өнер” мектебінің директоры Темірбаев Бауыржан Райымқұлұлы қатысты. Қазылар алқасы байқау барысында әрбір ансамбльдің өнерін мұқият тыңдап, шығармашылық ұжымдардың жоғары орындаушылық шеберліктерін, репертуарларының әртүрлілігін және сахналық мәдениетін назарға алды.

Байқау соңында қазылар алқасы биылғы өткізілу деңгейі мен талаптардың күшейтілгенін атап өтіп, барлық қатысушылардың өнерін жоғары бағалады. Әрбір шығармашылық ұжымның өзіндік ерекшелігі мен музыкалық орындау мәдениетіне ерекше тоқталып, болашақта мұндай ұжымдардың репертуарын кеңейтіп, кәсіби бағытта дамытудың қажеттігін тілге тиек етті.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың жүлдегерлері анықталды:
Бас жүлде – “Қазығұрт band” вокалды-аспапты ансамблі (Қазығұрт ауданы)
І орын – “Фараб” вокалды-аспапты ансамблі (Отырар ауданы)
ІІ орын – “Сарыағаш” вокалды-аспапты ансамблі (Сарыағаш ауданы)
ІІІ орын – “Арай” вокалды-аспапты ансамблі (Ордабасы ауданы)
ІІІ орын – “ART-MUZIC” вокалды-аспапты ансамблі (Түлкібас ауданы)

Шара соңында жеңімпаз ұжымдарға арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталып, олардың өнеріне ерекше құрмет көрсетілді. Байқау аясында өнер ұжымдарының арасында достық қарым-қатынас нығайып, шығармашылық байланыстар орнады. Бұл байқау облыс көлеміндегі өнерпаз ұжымдардың шығармашылық әлеуетін арттырып, жаңа есімдердің танылуына жол ашты. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызды.

Қазығұрт ауданында өткізілген бұл байқау мәдениет пен өнердің дамуына қосылған маңызды қадам болып табылады. Мұндай іс-шаралар жастарды өнерге баулып, олардың шығармашылық тұрғыдан өсуіне ықпал етеді. Байқаудың ұйымдастырылуы мен қатысушылардың жоғары деңгейдегі өнер көрсетуі ауданымыздың мәдениет саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізу жолындағы маңызды қадам болып қала бермек.

Қатысты жаңалықтар

КЕНТАУДА БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ КҮНІНЕ ОРАЙ СУРЕТ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

azatmedia

ОРДАБАСЫДА ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ ШАРАСЫ ӨТТІ

azatmedia

Қазығұртта «Домбыра-дастан» атты мерекелік шара өтті

azatmedia