Ақпарат

Қоғамды ұйыстыру мемлекеттің ұлт саясатындағы басты қағидаға айналды

Жалпы облыстық этномәдени бірлестіктер Қазақстан Республикасы Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы Заңына сәйкес қоғамдық аккредиттеуден өткен. Олардың әрқайсысы облыстық Ассамблеяның жоспарына және жылдық жоспарын бекітіп, сол жоспар бойынша жұмыс атқарады. Оның ішінде, мемлекеттік мерекелермен қатар әр этностың ұлттық мерекелерін атап өтуге байланысты іс-шаралар, дөңгелек үстел отырыстары мен кездесулер, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру және облыс көлемінде атап өтілетін саяси, мәдени іс-шараларға қатысу көзделген.

Түркістан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы уақытты жоспарға сәйкес бірқатар жұмыстарды қолға алмақ. Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаты тұжырымдасына сәйкес облыс көлемінде ағымдағы жағдайды талдау мен халықаралық тәжірибеге шолу жасауды күшейтпек. Этносаралық қатынастар саласын дамытудың үрдістері мен мемлекеттік саясаттың міндеттері мен қағидаттарын жүйелі орындауды да көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында ахуалды талдау мен қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі қызметті күшейту де күн тәртібіндегі мәселе. Тұжырымдаманы іске асыру тетіктері және ресурстық қамтамасыз ету жолында жоспарлар жүйелі.

Егемендіктің алғашқы күнінен бастап қоғамды ұйыстыру, барлық этностық топтардың тең құқықты өмір сүруін қамтамасыз ету мемлекеттің ұлт саясатындағы басты қағидаға айналды. Сол себепті ұлтаралық келісімді қамтамасыз етудің барлық тетіктері мен негіздері қамтамасыз етілді. Қазақстан Республикасының Конституциясы этностық, нәсілдік, діни немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтардың мүдделерін қорғайды. Негізгі заңның нормалары барлық этностық топтар арасында сенім және өзара құрмет негіздерін қалады.

Қазіргі таңда тәуелсіздігіне 30 шақты жыл ғана болған Қазақстанның ұлтаралық және дінаралық саясаты татулық пен төзімділікке, келісім мен бейбітшілікке негізделіп отыр. Діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін қарастырғанда қазақ халқының тарихи-мәдени ерекшеліктерін назарға алу қажет.

Тарихқа жүгінер болсақ, қазақ даласында ерте заманнан-ақ көптеген діндер өмір сүріп, сан ғасырлар бойы Ұлы Дала төсі қаншама халықтардың бейбіт мекеніне айналған. Діни төзімділік пен келісім, мәмілегершілік, қонақжайлылық қасиеттері халық бойында ғасырлар бойы дағдыланған. Соның көрінісі болса керек, қаншама мәдениеттер мен өркениеттер тоғысқан даламызда күні бүгінге дейін әр түрлі ұлт пен дін өкілдерінің түсіністік пен жарастықта өмір кешіп отырғанына куә болып отырмыз.

XXI ғасыр әлемдік аренада дүниежүзі халықтарының басты мәселелерінің біріне айналған ұлттық алауыздық, этникалық келіспеушілік одан әрмен өрши түсуде. Оны тоқтату не алдын алу іс-әрекетін жасау қай мемлекеттің болмасын әлем алдындағы беделін асқақтатары сөзсіз. Ол әр мемлекеттің қолынан да келе бермесі де анық.

Тәуелсіздікпен бірге есейіп келе жатқан Ассамблея еліміз үшін үлкен мән-мағынаға ие. Бүгінде қоғамдық институтқа республика бойынша 820 мәдени орталық мүше. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі өміріміз дүниежүзіне үлкен үлгі-өнеге болып отырғаны даусыз. Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды сараптаған адам қазақ жерінде қандайда бір ұлтқа қатысты ксенефобиялық көзқарастың жоқ екенін бірден байқайды.

Қазақстан –  небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.

Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі.  Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қараған, ынтымағы мен  бірлігі ұштасқан ұлттар болмаса, республикамыз мұнша жасамас еді. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.

Еліміз  тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезең  болды. Бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Тағдырдың жазуымен, ұлан-байтақ жерімізге  көптеген ұлт өкілдері жер аударып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен,  халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.

Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез келген ұлт өкілдерінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде, адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.

Жалпы елімізде халықтың тыныштығын алып, іріткі салуға қатысты барлық әрекетке тыйым салынған. Бұл туралы тіпті еліміздің Ата Заңында да анық көрсетілген. Онда «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», – делінген. Еліміздің бірлігі мен татулығы, ұлттар арасындағы достық әрқашан алдыңғы орында. Ал, бұл ауызбіршілікті сақтауда – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жоғары екені айтпаса да түсінікті.

Қарапайым, сыйластық, үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының – тарихы. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

Қатысты жаңалықтар

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДА 19 НЫСАН САЛЫНАДЫ

azatmedia

Таңғаларлық оқиға: Екі айлық нәресте ата-анасына амандасты (видео)

azatmedia

ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР ТРЕНИНГІ ӨТКIЗІЛУДЕ

azatmedia