Ақпарат

Ауыл әкімдері партия жобаларын жүзеге асыру барысын талқылады – AMANAT

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі ауылдық округ әкімдерінің форумы басталды. Семинарда «Ауыл аманаты», «Жер аманаты» және «Қарызсыз қоғам» жобаларын іске асыруда ауыл әкімдері тарапынан жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды жүзеге асырудың тетіктері мен талаптары түсіндірілді.

«Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру және жаңа жұмыс орындарын құруда егін, мал, құс және балық шаруашылықтарының қызметін жолға қою, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің техникалық паркін жаңарту міндеттері бойынша Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов ауыл әкімдері қойған сауалдарға жауап берді. «Жер аманаты» жобасы бойынша жайылымдық жерлерді ортақ игілікке қайтару мәселелері жөнінде Түркістан облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мағлұмат берді. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында тұрғындардың қаржылық сауатын арттыруға арналған оқу курстарын өткізу мәселесіндегі түйткілді сауалдарға «Ұлы дала» қауымдастығының Түркістан облысы бойынша менторы, лектор Жандос Әзімбай айтты.

Форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев, облыстағы құқық қорғау органдарының басшылық құрамы, аумақтық партия филиалдарының төрағалары мен атқарушы хатшылары, 172 ауылдық округ әкімдері, партияның жауапты қызметкерлері қатысты.Жиынды өңірлік филиал төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Мемлекет басшысының әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі, сондай-ақ, жұрт олардың қызметіне қарап, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды деген сөзінен бастады.

«Экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген, тұрғындарының 80 пайыздан астамы ауылды жерде тұратын Түркістан облысы үшін, ауыл әкімдерінің сайлауы – ашық саяси бәсекелестікті білдіретін, қоғамның саяси белсенділігін арттыратын, ауыл-аймақтардағы қордаланған мәселелердің шешу жолдарын ұсынып, жергілікті сайлаушыларға таңдау еркін беретін, стратегиялық мәні айрықша қадам болды. Облыстың барлық аудан, қалаларында филиалдары бар партиямыз, атқарушы билік жауапкершілігінің жоғары болуын қамтуда және партияның басымдықтарын іске асыруда, ауыл әкімдерінің сайлауына өз кандидаттарын ұсынып, халықтың қолдауына ие болған бүгінгі таңдағы ең ықпалды саяси күш», – деді партияның өңірлік филиалының төрағасы.

Жиында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ауыл әкімдеріне тұрғындар тарапынан зор сенім артылғанын жеткізді. Облыс бойынша 181 ауылдық округ әкімдерінің 174-і сайлау нәтижесімен лауазымдарына тағайындалғанын атап өтті.​

Форум соңында мәжілістің қорытынды құжаты қабылданып, партия мен ауыл әкімдерінің корпусы арасында өзара тиімді жұмыс жүргізуді жалғастыруда бірқатар міндет белгіленді. Жиынға қатысушы әкімдердің атынан сөз алған Отырар ауданы, Балтакөл ауылдық округінің әкімі Сейтхан Ателов ауыл әкімдерінің жұмысына қажетті көптеген пайдалы ақпарат алуға мүмкіндік берген «AMANAT» партиясына алғыс айтты. 

Қатысты жаңалықтар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға келді

azatmedia

ЕШКІМ ДЕ, ЕШТЕҢЕ ДЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

azatmedia

Мектепте оқитын оқушыларға қойылар талап қатаң

azatmedia