Түркістан және Қызылорда облыстары арасында өңіраралық тәжірибе алмасу мақсатында “Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі бастаған Түркістан облысының делегациясы Қызылорда қаласына барды.
Іс-сапардың мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал ететін кәсіподақ қозғалысының үздік дәстүрлері бойынша еңбекті қорғау және қауіпсіздік еңбек жағдайларын қалыптастыру мақсатында тәжірибе алмасу, кәсіподақ қозғалысының нығаюына ықпал ететін жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру, аналитикалық және әдістемелік материалдарды пайдалану.
Түркістан облысы делегациясының Қызылордадағы жұмыс сапары облыстық кәсіподақтар орталығының ұжымымен көрісіп, кәсіподақтар үйінің тыныс-тіршілігімен танысуымен бастау алды.Бұдан соң делегаттар сыр өңіріндегі бірқатар өндіріс нысандарын аралады.Кәсіподақ өкілдері алғашқы кездесуін осы өлкенің брендіне айналған күріш өндірісінің жұмысымен танысу үшін “Абзал және К” ТС-нің зауытынан бастады.Бүгінде «Абзал және К» ТС-і еліміздегі күріш индустриясы саласындағы қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Компания республика бойынша күріш өндірісі үздіктерінің үштігіне сенімді түрде кіреді. Компанияның тұрақтылық пен орнықтылығының дәлелі ретінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша «Парыз» республикалық конкурсына қатысып, жеткен жетістіктерін айтуға болады. Аталмыш конкурстың 10 жылдық тарихында компания үш рет қатарынан жеңімпаз атанып, екі ретінде алтын белгімен марапатталған.
Толық серіктестіктің жұмысымен танысуға келген делегаттар жұмысшылардың еңбек жағдайымен және компанияның негізгі қызметі – күрішті егуден бастап өңдеуіне дейінгі барлық процесімен танысып шықты. Аталған жұмыс орнында 7000-ға жуық адам жұмыс істейді.Кездесу барысында кәсіподақ төрағасы Бердіғали Өмірәлі кәсіпорын жұмысшыларымен тілдесіп, олардың еңбек жағдайы, еңбекақы деңгейі, әлеуметтік кепілдіктер, сондай-ақ өндіріс орнында қауіпсіздікті сақтауға бағытталған жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар Бердіғали Өмірәлі бастаған Түркістандық делегаттар осы өндірістік кешен аумағында орналасқан «Ассоль» тұз өндіру зауытын да аралап көрді.Аралдың тұзын кәдеге жаратып, ас тұзын шығаратын кәсіпорында 200 адам жұмыспен қамтылған. Кездесу барысында делегация өкілдері бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін кәсіпорын басшылығы тек өнім сапасына ғана емес, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына да ерекше көңіл бөлінетіндігіне көз жеткізді.
Еңбеккерлермен жүздесу барысында Бердіғали Өмірәлі кәсіпорындағы әлеуметтік әріптестіктің тиімді тұстарын атап өтіп, еңбеккерлер үшін қолайлы еңбек жағдайын жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Кәсіподақ өкілдерінің келесі кездесуі Қызылорда қаласының тарихы музейінде өтті. Онда делегаттар музей залдарына қысқаша экскурсия жүргізіп, кітапханамен, құнды коллекциялармен және мамандардың жұмыс бөлмелерімен танысты. Экспозициялармен танысу барысында қонақтар бірнеше этнографиялық бұйымдарға жіті зер сала отырып, жәдігерлер тарихына байланысты бірер сұрақтарын қойып, оларға жауаптарын алды.
Сондай-ақ, делегаттарға мұражай өмірінің түрлі салаларындағы жетістіктері туралы да айтылды.
Күннің екінші жартысы «КазГерМұнай БК» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысумен басталды. Бүгінде «Қазгермұнай» БК» ЖШС – өз әрекетінің басымдылығы ретінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін көздеп отырған Қызылорда облысының жетекші мұнай-газ компанияларының бірі. Кәсіпорында 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың барлығы 100% – кәсіподақ мүшелері. Компанияда қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайлары және бірқатар жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктері қарастырылған ұжымдық шарт бар.
Сонымен қатар, кәсіподақ басшылары «Қызылорда» автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Серіктестікте 1000-ға жуық адам жұмыс істейді, олардың барлығы – кәсіподақ мүшелері. Күн ұясынан көтерілген уақыттан бастап жолаушылар тасымалдау ісімен айналысатын автобус паркінің жұмысымен танысу барысында, делегаттар қызметкерлердің еңбек жағдайларына ерекше көңіл бөлінетіндігіне куә болды. Ұжымдық шартта жұмысшылардың әл-ауқатын жақсарту шаралары, еңбек жағдайлары және еңбек ұжымының мүддесін қорғайтын өзге де нормалар қарастырылған.
Кездесу барысында Бердіғали Өмірәлі сөз алып, «Бағдарлы автобус жүргізушілеріне жүктелетін міндет үлкен. Қайнаған тіршіліктің бел ортасында жүрген Сіздер қандай құрметке болсын лайықсыздар, қызығы мен қиындығы көп өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге толымды табыс тілеймін» – деді.
Осыдан кейін Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығының мәжіліс залында «Лайықты еңбек: Еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды іске асыру» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Жиынға Түркістан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің, сондай-ақ Қызылорда облысы Бақылау басқармасының өкілдері, екі облыстың салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ активі қатысты.
Дөңгелек үстелде қатысушылар кәсіподақтардың басым бағыттары – еңбек саласындағы негізгі қағидаттар мен құқықтарды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек жағдайын жақсарту, еңбек қауіпсіздігін қалыптастырудағы кәсіподақтардың рөлін және лайықты жалақыға қол жеткізу мәселелерін талқылады.
Жиын барысында өз кезегінде сөз алған Бердіғали Өмірәлі, «Бүгінде еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау бағытында ел кәсіподақтарының атқарар қызметі орасан. Осы мақсатта бүгінгі атқарылған жұмыстар кәсіподақ қозғалысын дамытуға және кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға оң ықпал ететіндігін айтып, осы ретте тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралардың жүзеге асуына өз септігін тигізуге себепкер болған Қызылордалық әріптестерге өз ризашылығымды білдіремін»-деді.
Бұдан басқа, жиын соңында Түркістан облысы мен Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығының арасында еңбеккерлердің құқықтарын қорғау бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.