Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ТАҒЛЫМДЫ ІСТЕН ТАРЫЛМАЙДЫ

«AMANAT» партиясы сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуде қоғамдағы өзекті деген мәселелердің оң шешім табуына жәрдемдеседі және партиялық жобаларды жүзеге асыру арқылы, түрлі әлеуметтік санаттарға жататын тұрғындарды, ортақ мақсат аясына біріктіріп, саяси ұйымға деген ел сенімін арттыруды мақсат тұтады. Сайлаушылармен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениетін орнықтыруға партияның Түркістан облыстық филиалының барлық аумақтық құрылымдары белсене кіріскен.

Жуырда Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Қарттарым асыл қазынам» іс-шарасы өтіп, оған Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы, партияның Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев, қалалық мәслихаттың бірқатар депутаттары қатысты. Іс-шараның ашылуында сөз алған Ғаппар Амантайұлы аға буынға қамқорлық саласында «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы қолға алынғанын мәлімдеді.

Жоба шеңберінде партиялық ресурстар арқылы аға ұрпақ өкілдеріне жүйелі қолдау көрсетіледі, олардың жан саулығын қалыпты ұстауға тиісті ұйымдармен бірлесе іс-шаралар атқарылады, еңбек ардагерлерін қоғамдық өмірге белсенді кіріктіру міндеті бойынша жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ бұл жоба кейінгі буынға тәлім-тәрбие, ақыл-кеңес беруде сабақтастық дәстүрін жалғастыру міндетін атқарады, ауыл-аймақтарда тұрақты әрекет ететін билер кеңестері мен ақсақалдар алқаларының, әкелер мектептерінің, аналар кеңестері мен әжелер қоғамдастықтарының қызметін бір арнаға тоғыстырып, халық игілігіне жұмылуын үйлестіреді.

Түркістандық партияластарымыз аға ұрпақ өкілдерін қамқорлыққа алу міндетімен бірге жас буынға қолайлы орта құру міндетін де өз бақылауларына алған. Жақында Түркістан қаласының іргесіндегі Құсшы ата елді мекенінде балаларға арналған жазғы демалыс лагерінің алғашқы маусымы ашылды.Балаларға қуаныш сыйлаған іс-шараға қала басшылығымен бірлесе қалалық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының өкілі, «Шауғар» бастауыш партия ұйымының төрағасы Бақытжан Құлжабаев та қатысып, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруда қолға алынған жұмыстармен танысты. Айта кету керек, лагерь барлығы 6 ауысым бойынша 900-ге жуық бала қабылдап, жас буынның бос уақытын тиімді ұйымдастыруда тәлім-тәрбие жұмыстарының озық үлгілерін ұсынбақ. Лагерьдің тыныс-тіршілігі аманаттық өкілдердің тұрақты бақылауында болады.

Қатысты жаңалықтар

ТӨРТ МОБИЛЬДІ ТОП ЖҰМЫС ЖҮРГІЗУДЕ

azatmedia

Адал еңбек – пайғамбар сүннеті

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА «МӘСЛИХАТ 30 ЖЫЛ» БАЙҚАУЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

azatmedia