Жаңалықтар

«AMANAT»: «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетуде

«AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында Үкіметпен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске қосқан болатын. Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған жоба бүгінде ел көлімінде жүзеге асып келді. Халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұратын Сыр өңірі үшін бұл жобаның маңызы зор.Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен келді. Ол өңірдегі аудандардағы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстармен танысып, осы жобаны жүзеге асыру жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, басқармалар мен аудан, қала басшылары, жоба жүзеге асқан ауыл округ әкімдері қатысты. Мәжілісті жүргізген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Ауыл аманаты» жобасының облыс үшін маңызы жоғары екенін жеткізді.

– Өзіңізге белгілі, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Климаттық жағдайы, жұмыс күші тұрғысында ауыл шаруашылығын жүргізу үшін ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 1 миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы облыс халықының табысын арттыруға оңды нәтижесін берді. Бүгінгі таңда бағдарлама есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілді, 3413 жаңа жұмыс орны құрылды, 75 кооператив ашылды, – деді Дархан Сатыбалды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысындағы оң тәжірибелер мен өзекті мәселелерге тоқталды. Жауапты басқармалар мен ауылдық округ әкімдеріне жобаны талапқа сай жүзеге асыруды тапсырды. Тек мал шаруашылығы ғана емес, өзге де салаларға басымдық беру керектігін айтты.

– Мемлекет басшысы өз қызметіне кіріскен кезде ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. 80 пайыздан астам тұрғыны ауылдарда тұратын Түркістан облысы үшін бұл бастаманың маңызы зор. «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты – біріншіден, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, табысын молайту. Екіншіден, ауылдан жастар ірі мегаполистерге көшіп кетіп жатыр. Соларға жағдай жасап, ауылдарды аман сақтап қалу және көші-қонды реттеу көзделген. Үшіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және отандық өнім үлесін көбейту. Ауылдағы тұрғындар өнімдерді өзі өндіру арқылы табысын молайтып қана қоймай, елімізді отандық өніммен қамтуға үлес қосады. Біз тұрғындардың кәсіппен шұғылданып, табыс табуына көмектесуге міндеттіміз. Бүгінгі кездесудің мақсаты – осы жобаның жүзеге асыру барысын талқылау және тәжірибе алмасу. Өзара кеңесіп, үздік тәжірибелерді бөлісу. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бірқатар жобамен таныстық, ізденіс, даму бар. Әр облыстың ғана емес, әу ауданның, әр ауылдың даму жоспары болуы тиіс. «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда да жаңашылдық, ізденістер қажет, – деді Ералы Тоғжанов.Мәжілісте «Ауыл аманаты» жобасын жоғары деңгейде жүзеге асырған Ақтөбе облысы, Мәртөк ауылдық округінің тәжірибесі көпшілікке баяндалса, ақтөбелік кооперативтің жетістіктері де үлгі ретінде ұсынылды.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы, ауыл тұрғындарының табысы мен әлеуметтік жағдайларының көтерілуіне ықпалын тигізді. 2023 жылы Республикалық бюджеттен бағдарламаны жүзеге асыруға 19,8 млрд. теңге бөлініп, негізгі 6 бағытты қаржыландыруға басымдылық беріліп, 3256 жоба қаржыландырылған. Жобаға пилоттық түрде 64 ауылдық округі қатысты. Нәтижесінде 3413 жаңа жұмыс орындары құрылды, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 340 адамға қысқартылды, табыс көзі орташа жалақы 20 пайызға ұлғайды, шағын кәсіпкерлер саны 2 544 бірлікке артқан. 64,2 мың бас мал басы сатып алынып, 19 қайта өңдеу кәсіпорны ашылып, 16,4 га алқапқа 328 жылыжайлар салынған. Осы жобалар есебінен 30 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.Осы көрсеткіштер негізге алынып, «Ауыл аманаты» бойынша Түркістан өңіріне бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныс берілді. Себебі, нақты іс, қозғалыс, ең бастысы, ауыл тұрғындары тарапынан қызығушылық бар. Бұл бағытта жұмыс қарқыны бәсеңдемейді. 

Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Түркістан облысына арнайы жұмыс сапары барасында өңірдегі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өз кәсібін бастаған азаматтардың жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті. Бұдан соң Ескі Иқан ауылдық округіндегі наубайхана цехына ат басын бұрды. Жеке кәсіпкер Махина Муслимова 2023 жылы «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының 6-шы бағыты арқылы 7 млн. теңге алып, наубайхана жұмысын бастаған. Жолдасы Алберт Муслимовтың айтуынша «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік, қазіргі таңда отбасымызбен нан жауып, халыққа қызмет жасап келеміз, — дейді. Наубайханада күніне 1600 дана бөлке нан шығарып, дүкендерге өткізеді. Қазіргі таңда өзінің шағын цехында кондитерлік өнімнің 10 түрін шығаруда. Аталған цехта жергілікті 10 тұрғын жұмыс жасауда. Тәтті нандарды пісіруге ең қажет шикізаттың бірі — сүт болғандықтан, кәсіп иесі оны ауыл ішіндегі сүтті бағытпен айналысатын отбасылардан сатып алады. Кондитер иесі енді цехты кеңейтіп, жұмысшы санын 20-ға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Ералы Лұқпанұлы Оранғай ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сейтходжайева Нигораның 0,80 гектар аумақта орналасқан жылыжай кешенінің жұмысымен де танысты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 5 млн. теңге несие алған кәсіпкер, қазіргі таңда жылына 4 тонна қияр өнімін алады. Жылыжай кешені толықтай тамшылатып суару жүйесі арқылы жабдықталған. Сонымен қатар, аталмыш бағдарлама аясында 7 млн. теңге қаражат алып, өз кәсібін жандандырып отырған жеке кәсіпкер Бахадир Исрайловтың ірі қара мал бордақылау алаңына да арнайы барып көрді. «Рустамбек» шаруа қожалығы аталмыш жоба аясында 3 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, егін шаруашылығымен айналысуда. Онда жылына 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдерін өндіреді.

Сонымен қатар, ауылдық округте жер жырту мен дәрілеу қызметтерін қатар атқарады.Бабир Насиров 5 млн. теңге қаражат алып, дәнекерлеу цехын ашқан. Бүгінде өндіріс орны кеңейтіліп, цехтың аумағы 300 шаршы метрді құрайды. Заманауи технологиялармен жабдықталған цех жылына 3000-нан астам темір есік және үстел шығаруға қауқарлы. Бүгінде 12 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «Абдусардар» жиһазының өнімдері бүгінде сұранысқа ие. Қазіргі таңда Түркістан қаласы мен Сауран ауданына өткізіледі. Жиһаз жасаушы өндірістің әлеуеті зор. Негізгі арнайы жабдықтарды Өзбекстаннан алдыртады. Осылайша отандық тауарлар ішкі нарықта сұранысқа ие, өзінің өнім көлемін айтарлықтай арттырып келеді. 

Қатысты жаңалықтар

ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫН ЖАҚСАРТУҒА АЙРЫҚША КӨҢІЛ БӨЛІНІП КЕЛЕДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАНДА ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАР ҚЫЛМЫСТЫ ТОҚТАТУДЫҢ ТЫҢ ТӘСІЛДЕРІНЕ ЖҮГІНЕДІ

azatmedia

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНА СЫН АЙТЫЛДЫ

azatmedia