Жаңалықтар

ШАРУАНЫ ҚОЛДАУДЫҢ ҰТЫМДЫ ӘДІСТЕРІ ТҮСІНДІРІЛДІ

Ауыл шаруашылығы саласы Түркістан өңірі үшін негізгі экономикалық құрылымның бірі. Ауыл шаруашылығындағы ахуал, шаруалардың жай-күйі «AMANAT» партиясының тұрақты бақылауына алынған. Партиямыздың Сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі міндеттер белгіленіп, олардың орындалуы партия өкілдерінің жүйелі назарында.

Бүгін өңірлік партия филиалының қоғамдық қабылдау алаңында өткен кезекті кездесу Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың қатысуымен өтті. Басқарма басшысының азаматтарды жеке мәселелері бойынша жүргізген қоғамдық қабылдауы facebook.com әлеуметтік желі платформасындағы Qoğamdyq Qabyldaýy Tűrkìstan Oblysy ресми парақшасында тікелей эфир арқылы берілді, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Жүргізілген қоғамдық қабылдауға онлайн режимде байланысып, сауалын қойған Түлкібас ауданы Көксағыз елді мекенінің тұрғыны Жанар Қашқынбаева асыл тұқымды мал басына берілетін мемлекеттік субсидия жайын білгісі келетінін айтты. Нұрбек Бақтыбайұлы тұрғынның қойған сауалын мұқият тыңдап, ірі қара малдың тауарлық аналық бастарымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізуге субсидиялар алу тәртібін түсіндіріп өтті. Отандық етті және етті-сүтті асыл тұқымды тұқымдық бұқаларға, асыл тұқымды қойларға, өнімді бағыттағы асыл тұқымды айғырға мал басына қарай төленетін мемлекеттік субсидиялардың бекітілген көлемін айтып берді. Жерге байланысты егін шаруашылығына қатысты мемлекеттік қолдау шараларын айта отырып, өсімдік тұқымдарын, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды субсидиялау тәртібі қарастырылғанын айтты.

Басқарма басшысының қабылдауына Сауран ауданы, Шорнақ ауылынан келген Әлжан Көбеев ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген бірнеше мәселені көтерді. Оның ішінде ағын су тарифі қымбаттағанын айтып, бұл мәселе шаруаларға қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Жер асты суын пайдалануда тік дренажды ұңғымалар қазып беруге мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрады. Өңірдің егін шаруашылығын дамытуда суды аз талап ететін бидай өсіруге басымдық беруді ұсынды.

Тұрғын көтерген сауалдарға рет-ретімен жауап берген басқарма басшысы, ағын су мәселесін реттеуде ең алдымен тозығы жеткен каналдарды қалпына келтіруге басты көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Бір ғана Сауран ауданының өзінде соңғы бір-екі жылдықтың көлемінде 2 каналдың арнасы бетондалып, жөндеуден өткізілгенін атап өтті. Облыстың су арналарын қалпына келтіруде үлкен жұмыстар жоспарланғанын мәлімдеді. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар шығынды көп талап ететінін түсіндіріп, оның бәрі тарифке әсер ететінін жеткізді.

Шаруалардың жайын қарастыруда ағын су тарифін субсидиялау мәселесі қолға алынғанын мәлімдеді. Қабылданған талаптар бойынша бірінші жылы тарифтің 50 пайызы мемлекет есебінен төленетін болса, екінші жылы тарифтің 40 пайызы субсидияланатынын атап өтті. Үшінші жылы мемлекеттік субсидия тарифтің 30 пайызын жабатынын түсіндірді. Мемлекеттің бұл бағыттағы ұстанымы – шаруаларды суды үнемді жұмсауға дағдыландыру екенін айтып, тамшылатып суғару технологиялары енгізілген егістік көлемін біртіндеп арттыру басымдыққа ие басты мәселе екенін жеткізді.

Тік дренажды ұңғымалар мәселесі бойынша бұған дейін басқарма тарапынан облыс көлеміндегі 214 ұңғыманың қазіргі ахуалы бақылаудан өткізіліп, тазартылғанын жеткізді. Олардың қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы керек екені белгілі болғанына назар аударды. Бір ғана Сауран ауданы бойынша осы жобаны жүзеге асыруға 4,5 млрд. теңге қажет екенін айтты. Қалыптасқан ахуалдан тиімді шығу жолы ретінде шаруалар тамшылатып суғару технологиясын енгізуге белсене кірусуі керек екенін жеткізді. Кеткен шығынның едәуір бөлігі мемлекеттік субсидия түрінде өтелетінін түсіндіріп өтті. Қолданылатын технологияны да шет ел асып алып келудің қажеті жоқ екенін мәлімдеп, Түркістан қаласының өзінде заманауи су үнемдеу технологияларын шығаратын үш кәсіпорын бар екенін жеткізді.

Басқарма басшысы ағын судың тиімді жұмсалуын ұйымдастыруда бидай өсіруге көшу мәселесін қолдайтынын жеткізді. Облыстың жазық даласындағы егістік шаруашылығы бастапқыда бидай өсіруге ыңғайластырылғанын атап өтіп, осы аймақтағы гидроқұрылымдар осы мақсатта салынғанын жеткізді. Тиімді дақылдар ретінде сұранысқа ие, нарықта өтімді өзге де ағын суды көп талап етпейтін өсімдік шаруашылықтарын ілгерілету мәселесін қоғам болып атқаруымыз керек екеніне тоқталды.

Қоғамдық қабылдауға онлайн платформа арқылы байланысқан Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылының тұрғыны Жазира Танкеева «Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаржыландыру мәселесі қай кезде жүзеге асатынын сұрады. Бұл сауалға жауап берген басқарма басшысы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға қаралған қаражат республикалық бюджеттен бөлінетінін айтып, жобаны қаржыландыру ісі осы айдың ішінде жүргізілуі жоспарланғанын мәлімдеді. Түркістан облысына қаралған қаржы бекітілуімен, тұрғындардан құжат қабылдау жұмысы басталатынын айтты. Осы мазмұндағы сауалды Рабат елді мекенінен хабарласқан Ералы Сәрсенов те қойған болатын. Сауал қалдырған тұрғынға партия өкілдері хабарласып, басқарма басшысының жауабын жеткізетін болады. 

Қатысты жаңалықтар

ДӘРІГЕРЛЕР «ДӘРІГЕР TALKS» ДИАЛОГ АЛАҢЫНДА БАС ҚОСТЫ

azatmedia

AMANAT: ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ – ТАБЫСТЫ ҚОҒАМ

azatmedia

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ АХУАЛЫ ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА

azatmedia