Жаңалықтар

«AMANAT»: «ҚАРЫЗСЫЗ ҚОҒАМ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІ СЕРТИФИКАТҚА ИЕ БОЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өткені белгілі. «Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», деген болатын. Жобаның тиімділігі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айрықша атап көрсетіліп, оның ауқымын кеңейтіп, жалпыхалықтық деңгейге шығару тапсырылды.

Осы орайда Түркістан облысы аймақтарындағы барлық ауылдық округ әкімдерін «Қарызсыз қоғам» жобасы асясында оқыту курсы осыдан 2 апта бұрын басталған. Алдымен облыс орталығы Түркістан қаласына жақын маңдағы 6 аудан мен қаланың, одан кейінгі аптада Шымкент қаласына жақын орналасқан 5 ауданның ауылдық округ әкімдері қаржылық сауаттылық төңірегіндегі білімдерін жетілдіретін семинарға қатысты. Кезекті үш күндік семинар апта басында Сарыағаш ауданында жалғасып, оған Шардара, Келес, Сарыағаш, Мақтаарал және Жетісай ауданындағы 56 ауыл округінің әкімдері жиналды, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

«Сарыағаш» шипажайы базасында Түркістан облыстық қаржы басқармасының қолдауымен өткен үш күндік оқу жиынында ауыл әкімдері азаматтардың жеке және отбасылық бюджетті құрастыра білуінің артықшылықтарын меңгеріп шықты. Облыстағы «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Жандос Әзімбаев азаматтардың тауарлық несиеге үміт артпай қажетті тауарлар мен қызметтерді алуда мүмкіндікті саралау жолын үйретіп, тұрғындарды несие мен қарыздың тұзағына түсірмеу жолдарын талдауға бағыт берді.

Сарыағаштағы 3 күндік семинарда білім-біліктілігін арттырған ауыл округы әкімдеріне сертификат тапсыру рәсіміне «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Дүйсенбекұлы Үмбетәлиев, Сарыағаш ауданының әкімі Абдуллаев Арман Айдарұлы, партияның Сарыағаш аудандық филиланың төрағасы Қыстаубаев Құдірет Ибадуллаұлы қатысты. Алтынсары Дүйсенбекұлы «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өңірімізде 2023 жылы 14600-ден астам азамат қаржылық сауаттылықты көтеру курстарынан өткенін хабарлап, өңіріміз республикада алдыңғы қатардан көрінгенін мәлімдеді. Биылғы жылдың 4 айында осы курстарда төрт мыңнан астам азамат білім алғанын жеткізді. Биыл еліміздің барлық өңірінде «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 200 мың адам оқу курстарынан өтпек. Сонымен қатар, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары әзірленбек.

Жетекші партия бастамашыл болған жоба аясында оқу курстарынан өткен ауылдық округ әкімдері алдағы уақытта «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша оқу курстарынан өтетін ауыл тұрғындарын кеңінен тартуға жәрдем көрсететін болады. 

Қатысты жаңалықтар

БІРЖОЛҒЫ ТӨЛЕМДІ 100 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ АЛДЫ

azatmedia

Қоғамдық қабылдауда бірқатар мәселелер көтерілді

azatmedia

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТЕ ОСЫ ЖЫЛЫ 11 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

azatmedia