Жаңалықтар

ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛҒАНДАР БАСПАНАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

«AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға баспана бөлу мәселесі қаралған жиын аталған кеңес жетекшісінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімованың төрағалығымен өтті, деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі.

Бейнебайланыс конференциясы форматында өткен жиынға Түркістан облысынан партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Полат Тұрсынбаев, партияның облыстық филиалы жанындағы отбасы және әлеуметтік қолдау мәселелері жөніндегі кеңестің жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашев, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева қатысты.Жиында қаралған мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаевтың, «Отбасы банк» Акционерлік қоғамының басқарушы директоры Жансұлтан Матайдың, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің жетекшісі, Қазақстан Республикасындағы Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның хабарламалары тыңдалды. Талқылау барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың баспанамен қамтылу ахуалы жөнінде ақпар берді. Жиында көтерілген мәселе бойынша бірқатар өңірлердің әкімдіктері, азаматтық қоғам өкілдері, партия мүшелері өзекті деген сауалдар бойынша жауап беріп, пікір алмасты.

Айта кету керек, бүгінгі күнге қалыптасқан ахуал бойынша Түркістан облысында тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегінде 63 882 азамат тіркелген. Оның ішінде, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны – 2 071 адам. 2018 жылдан бері осы санатқа жататын тұрғын үй кезегінде тұрған 802 бала баспанамен қамтылған. Биылғы жылы 47 жетім балаларға тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер табысталатын болады. Сондай-ақ, жеке тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау ақысын жалға алуды субсидиялау бойынша облысымызда 2024 жылы 3,5 мыңнан астам отбасы қамтылған. Оның ішінде 17 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжай үшін субсидия алуда.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылындағы барлық тәрбиеленушілерге «Мейірім» акциясы шеңберінде кәсіпорындардың, бизнестің, мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатарынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды кәсіптік бағдарлау және одан әрі жұмысқа орналастыру, тұрғын үйді одан әрі сатып алу үшін, «Отбасы банкінде» депозиттік шоттар ашылған.Бұл мәселе партияның облыстық филиалының тұрақты бақылауына алынған.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға басым құқығы бар.

Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарда кезекте 651 948-ден астам мұқтаж адам болса, оның 62 478-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Әкімдіктердің мәліметінше, жалпы кезеңде 78 137 мың адам жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді, оның ішінде 9 578-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның ішінде 2023 жылы барлығы 8 585 жалдамалы пәтер берілсе, оның ішінде 813 бірлік – жетім балаларға.

2024 жылдың басынан 4 366 жалдамалы пәтер пайдалануға берілді, оның ішінде 530 пәтер жетім балаларға арналған.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселелерін шешу үшін 2024 жылы 22 213 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешуіне мемлекеттік қолдау шараларының бірі – «Отбасы банкі» арқылы 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелік несие беру. 

Мәселен, 2024 жылы 6 884 несие беру жоспарлануда, оның ішінде: 4 683 несие 2% бойынша, 2 201 несие – 5%. Сонымен қатар, мемлекет жеке тұрғын үй қорынан жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы аясында бүгінгі таңда 11 205 адамға, оның ішінде 135 жетім балаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде.

Сондай-ақ 1 наурыздан бастап «Отау» ипотекалық бағдарламасы кезекті іске қосылғанын атап өткен жөн (19 жылға дейін бастапқы жарна үшін 20%, 9% мөлшерлемемен).

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «Наурыз» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыруға өтініштер қабылдау басталды. Бұл бағдарламаға сәйкес жетімдерге жатқызылған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін несие мөлшерлемесі 7 %-ды құрайтын болады.

Қорытындылай келе, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған баспана мәселесін шешу мемлекеттің басты назарында екенін атап өтеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Бүгінгі таңда жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау көкейтесті мәселелердің бірі. Бала интернатты мекемеде тәрбиеленген кезде, баланың құқығы бар тұрғын үйдің  бөлігі  жайдан-жай  сатылып кетеді. Алайда оған тұрғын үйдің бөлігінің қандай да бір құны өтелмейді.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы «29» маусымдағы №185 бұйрығымен Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары бекітілді.

Аталған қаулыға сәйкес тұрғын үйінің сақталуын бақылауды жергiлiктi атқарушы органдар (бұдан әрі – органдар) қамтамасыз етедi.

Балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылық, патронаттық тәрбиелеуге бергенге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды органдар қамтамасыз етедi.

Балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру кезінде олардың тұрғын үйін сақтауды балалардың заңды өкілдері қамтамасыз етедi.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨНІМІ 80 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСҚАН

azatmedia

ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ ЖАСАЛУДА

azatmedia

«ЖЕР АМАНАТЫ» ӨҢІРЛІК КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫС ЖИЫНЫ ӨТТІ

azatmedia