Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАНЫ ҚОЛДАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бірқатар тапсырмаларды жүктеді. Жолдауда «Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет», деп атап өтті.

Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы бастаған жұмысшы топ Жетісай ауданында болып, аграрлы ауданның жазғы суғару кезеңіне дайындығымен, ішкі каналдардың жай-күйімен танысты. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында несие алуға ниетті азаматтармен тілдесті. Егін егу жұмыстарын көзбен көрді.

Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы және «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының өкілдері бірқатар нысандарға барды. Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеруге есептелген «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» каналының, Өзбекстанмен байланыстырып тұрған республикалық «Достық» магистаральды каналынан бастау алатын К-28 және К-30 каналдарының мердігерлер тарапынан толық аяқталмаған құрылыс жұмыстары тексерілді. Аудан үшін ең өзекті саналған ағын су мәселесін сала мамандарымен бірге талқылады.

Сала мамандары соңғы жылдарда аудандағы өзекті мәселеге айналған ағын су мөлшерінің тапшылығы, биылғы метеожағдайға байланысты орын алған жағдайлар жайлы сөз етті.

Сондай-ақ, мамандар негізгі табыс көзін агросектордан алатын аймақ шаруаларының тозығы жеткен ағын су тарату каналдарының жөндеуден өтпеуінің салдарынан ағын су мөлшерінің көп бөлігі жерге сіңіп, буланып немесе жерасты суларының тартылып кетуі секілді себептермен егістік алқабына дейін дұрыс жетпейтінін, К-30, «Достық» магистральді каналының тармақтары күрделі жөндеуді талап ететінін жеткізді.

Ермек Кенжеханұлы Қарақай ауылдық округіндегі өз қаржысы есебінен жұмысын бастап, кейіннен «ОҢТҮСТІК» аймақтық-инвестициялық орталығынан 47 миллион теңге жеңілдетілген несие алып жалпы өндіріс қуаты тәулігіне 30 тоннадан 9 түрлі сүт өнімдерін өндіруге есептелген «Медет сүт» сүт өнімдері цехында болды. Жұмыс барысымен таныстырған цех басшысы Ғалым Олжабаев алдағы уақытта шикізат тапшылығы мәселесін толықтай шешіп, өнім көлемін ұлғайтуды, сол арқылы ауданның ішкі сұранысын толықтай қамтамасыз етуді жоспарлап отырғандығын айтты. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының тиімділігі түсіндірілді.

Кездесуде жұмысшы топ мүшелері тарапынан Түркістан облысы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін аталмыш жобаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд теңге, қосымша тағы 8,7 млрд теңге қаржы бөлінгендігін жеткізді. Сол арқылы 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетілетіндігін, жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілетіндігін айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қатысты жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: КЕНТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР БАЛЫҚ АУЛАУ ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫН АШЫП, 10 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫП ОТЫР

azatmedia

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ҚАРҚЫНДЫ БАУ АУМАҒЫ 425 ГЕКТАРҒА ЖЕТТІ

azatmedia

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

azatmedia