Соңғы жаңалықтар

Дін және ғылым

Дін мен ғылымның арақатынасы күрделі. Дін сенімге, ал ғылым танымға негізделген. Дін мен ғылым жаратылыс мәселесінде кереғар пікірде. Дін жаратушы Құдайдың барлығын мойындайды. Ал атеист-материалистер Жаратылыстың өздігінен болғанын дәлелдеуде. Ғылым жаратылыс заңдылықтарын зерттейді. Дін жаратылыстың кереметтігін, әрі тылсымдығын сенімге айналдыруда. Бұл жолда діншілдер діни аңыздарға көбірек сүйенеді. Аңыз бен ғылымның сапалық айырмашылықтары бар. Аңыз ғылыми ізденістерге түрткі идея болуы мүмкін, бірақ ол ғылым емес.

Ислам діні тарих сахнасына шыққалы бері білімге айрықша көңіл бөлді. VIII-XIV ғасырларда білім мен ғылымға арқа сүйеген мұсылман өркениеті әлемнің ғылыми, мәдени, рухани орталығына айналып, білім иелеріне ерекше қолдау көрсетілді. Діни негіздерден нәр алған ислам мәдениеті өзге өркениеттердің ғылыми жетістіктерін қабылдап, оларды бейімдеді, әрі қарай дамытты. Сол кезеңде білім діннің негізгі ерекшеліктерінің бірі болды.

Дін мен ғылым екеуі ғаламды және табиғи әлемді түсінуге, мән табуға және оған иелік етуге арналған адамзат тарихының дүниетанымдық шекаралары ішіндегі ең терең терминдер болып есептеледі. Сан ғасырлар бойы Орта Азия аймағы ғылым білімнің, мәдениеттің қайнары болып келді. Ибн Сина, әл-Кинди, әл-Хорезми секілді тұлғалардың өндірген, дамытқан ғылым салалары уақыт өте келе тежей түсті. Осындай ірі тұлғалар бола тұра ғасырлар өткеннен кейін мұсылман қауымы сонда да артта қалып қойды.

Дегенмен, ислам мәдениеті Батыс өркениетінің дамуына зор ықпал етіп, адамзаттың дамуына даңғыл жол ашты. Араб жазуы ғылым құралы рөлін атқарып, ақпарат пен білім оған дейін адамзат тарихында болмаған ауқымда кең таралды.

Ең бастысы ислам дінінде ақыл мен жүрек арасында қайшылық болмады. Ислам философиясы бойынша құдай заттарды адамдар ойлансын, пайымдасын деп жаратқан. Адам құдай мен заттарды тануы үшін дінмен қатар сол заттарды,  табиғатты зерттейтін ғылымдармен айналысты. Ортағасырлық Батыста білімді мойындамаған дін ғылымға қарсы соғыс ашып, діни фанатизм, инквизиция, соғыстар мен империализмге жол берді.

ХIV ғасырдан кейін мұсылман әлемі белгілі объективтік себептерге байланысты дамуда артта қалды. Мұсылман аймағында ауызбіршіліктің болмауы, исламның кең пейілді, терең рационалды және рухани негіздерінің орнына шектеулі, аясы тар формализмнің салтанат құруы, сыртқы күштердің жорықтары, Жібек жолындағы халықаралық сауданың тоқырауы, Еуропадағы демографиялық өсім, капитализм мен өндірістік төңкеріс сияқты себептер жатады. Жаңа дәуірде мұсылман елдері түгелдей дерлік әлемдік геосаяси алпауыт күштердің ықпалына тәуелді болып, ғылым дамымады.

Отаршылық кезеңін басынан өткерген көптеген мұсылман елдерінде саяси, құқықтық, әлеуметтік экономикалық мәселелер ұзақ жылдар бойы шешімін таппай, Таяу Шығыста үздіксіз халық наразылығының басты себебіне айналды. Аймақта тарихи жағдайға байланысты білім мен ғылым мәселелері екінші қатардағы проблемаларға айналды. Кейбір мұсылман елдеріндегі діни радикализм надандық пен қатар кедейліктен бастау алады. Ал негізінде, дамыған елдерде білім, ғылым және технологияның дамуы адамның саяси-экономикалық құқықтарының қорғалуына байланысты екені белгілі.

Қазіргі мұсылман елдеріндегі ең өзекті мәселе қоғам мен мемлекеттің үйлесімді, жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін білім мен ғылым саласы тұралап, әлеуметтік және қауіпсіздік проблемалары белең алуында жатыр. Мұсылман әлемінде тұрақтылық орнап, ғылым мен білімге қайта көңіл бөлінуі, дүниежүзілік қоғамдастыққа интеграциялануы үшін исламның төзімділігі, ашықтығы және пікір алуандығы туралы жаңа тұжырымдамалар мен философияға мұқтаждық айқын сезілуде. Ол үшін мұсылман қоғамдары жалпы адамзаттық құндылықтарды, өзге өркениеттердің жетістіктерін қабылдауға, жаңа білім мен технологияны үйренуге ниет танытуы қажет. Мұсылман әлемінің үштен бір бөлігі жастар екенін ескерсек, ғаламат әлеуеттің барын түсіну аса қиын емес.

Қазіргі  таңда  адамзаттың  дінге  деген  құштарлығының  астарында  адам  баласының  өзін-өзі  тануы,  Жаратқан  иеге  деген  мұқтаждығы  мен  онсыз  өмір  сүре  алмайтындығын  ұғынуы  жатыр  демесек  оны  басқаша  қалай  түсіндіруге  болады?!  Адамның  рухы   мен  жан  дүниесін  материалдық  игіліктермен  тойдыру  мүмкін  емес.  Ғылым-білім  қарыштап  дамып,  техника-технологияның  ілгерілеуіне  қарамастан  адамзат  рухани  жұтаңдыққа  ұшырауда.

Дін  мен  ғылым  бір  ақиқаттың  екі  жүзі.  Тек қана  құрғақ  ғылым  үйренгенде  айла  мен  күмән  туындаса,  бір  жақты  дінді  ғана  үйренген  кезде  фанатизм  туады.  Міне,  сондықтан  ғылым  мен  технологияның  жетістіктерін  адамның  тәндік  қажеттіліктерін  қанағаттандыру  үшін  ғана  емес,  негізгі  жаратылу  мақсатын  танып-біліп,  өмірін  соған  қарай  өрбіту  жолында  қолдану  қажет.  Ғылым  мен  дін  қол  ұстасып,  қатар  жүргенде  ғана  адамзат  іздеген  бақытын  табады.  Сол  себепті  ұрпақтарымызға  дінді,  әсересе  ата-бабамыз  сонау  ерте  замманнан  бері  ұстанып  келе  жатқан,  кәміл  түрде  жіберілген,  ғылым-біліммен  қатар  адамзат  өркениетіне  өте  үлкен  үлес  қосқан,  күллі  адамзаттың  мақтанышына  айналған  кәміл  адамдарды  тәрбиелегеп  шығарған   Ислам  дінін  дұрыс  үйретудің  жолдарын  қарастыруымыз  қажет.

Б.Абдрахман, теолог маман, Түркістан қаласы.

Қатысты жаңалықтар

Діни білім беру жүйесінің – зайырлық сипаты

azatmedia

НҰРЛАН БАЙҒҰТ: ТҰРҒЫНДАР ТАРАПЫНАН КӨТЕРІЛГЕН ӘР БІР МӘСЕЛЕ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАУ КЕРЕК

azatmedia

How Life Insurance Can Shave Your Capital Gains Tax

azatmedia