Соңғы жаңалықтар

Музей қоры жаңа жәдігерлермен толығуда

Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі «Музейге сый» акциясы барысында көптеген жәдігерлермен толықты. Сонымен қатар, музейде археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің де саны артқан. Олардың басым көпшілігі Күлтөбе қалашығынан алынған. Күлтөбе қалашығы – Түркістан аумағындағы алғашқы қоныстардың бірі. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен онда археологиялық қазба және жартылай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ХVI-ХIХ ғасырларда қолданылған алтын, күміс әшекей бұйымдар мен керамикалық ыдыстардың бөліктері табылды.  Осы аталған жәдігерлердің ішінде археологияда «калачик тәрізді» деп аталатын алтын сырғалар ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Айта кетейік, «Калачик» сөзі «бүрісіп», «бұйығып» деген мағына білдіреді. Олар бұл бұйымдардың біздің заманымызға дейінгі II ғасырдың екінші жартысы мен IV ғасыр аралығында қолданылғанын айтады. Көпшілігінде аяқ-қолын бауырына жинап, бұйығып жатқан жануарлардың бейнесі суреттелген. Сыртқы беті анар тәрізді бүршіктеліп жасалған. Ғалымдар мұны ұрпағы көбейе берсін, әрдайым молшылық болсын деген ниеттен туған дүние дейді. Түркістан қаласы аумағынан табылған ең көне жәдігердің бірі – Кушан патшалығының билеушісі І Хувишка билеушінің тұсында (131-166 жж.) соғылған қола ақша. Мұнан бөлек музей қорында VII-VIII ғасырда қолданылған соғды ақшасы мен VII-VIII ғасырларға тән Түргештердің қола тиыны, XV ғасырдың 30-шы жылдары Темуридтер мемлекетінде соғылған мыс ақша мен Жәнидтер мемлекетінің ханы Имам Қули ханның атымен соғылған күміс ақшалардың сан алуан түрлері сақталған. Ресей патшасы Алексей Михайловичтің тұсында соғылған мыс ақшалар сол кезеңде Түркістан аумағында сауда айналымында болған ақшаларға өте ұқсас болып келген. Олар Қазақстанның оңтүстік аумағынан жиі табылады. Екі елдің ақшаларының жасалу технологиясында, пішіндері мен көлемдерінде ешқандай айырмашылық байқалмайды.   «Музейге сый» акциясы аясында музей қорына Түркістан қаласының тұрғыны А.Жалилов діни мәселелерге қатысты 26 дана кітапты, Кентау қаласының тұрғыны Б.Арыстанова анасынан қалған киіз үй жабдықтары мен тоқыма бұйымдарды тарту етті. Бұл жәдігерлер туралы алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жүргізетін боламыз.

Н.ӘШІРБЕКОВА, Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің бас қор сақтаушы.

Қатысты жаңалықтар

Тазалық пен абаттандыру жұмыстары жемісін бере бастаған

azatmedia

Түркістан: Сарыағаш тұрғындары толықтай электр энергиясымен қамтылған

azatmedia

СПЕЦИАЛИСТЫ ПРОКОНСУЛЬТИРОВАЛИ МНОГОДЕТНЫХ МАТЕРЕЙ

azatmedia