Соңғы жаңалықтар

Қажымұқан мен Поддубный: кім-кімді жеңген?

Ресейде «Поддубный» фильмі көрерменге жол тартқан. Екі жыл бойы түсірілген, бюджеті 12 миллион доллар болатын бұл фильм орыстың әлемге әйгілі балуаны, француз күресінің алты дүркін чемпионы Иван Поддубный турасында.Әйгілі орыс қаһарманы туралы түсірілген осы фильмде Поддубныйдың Қажымұқан есімді түрік балуанымен белдесіп, оның желкесін үзіп жіберетіні жайлы бір келеңсіз көрініс бар. Аянышты күйде сұлық жатқан түрік балуанын кілемнен сүйреп алып кетеді.
Қазақ емес түрік балуаны делінгенмен, есімінің Қажымұқан болғаны себепті, кез келген қазақ көрерменінің «Поддубный» филь-мінің осы жеріне келгенде, айран-асыр қалатыны анық. Оның үстіне Қажымұқанның тек қана Ресейдің атынан емес, түрік елінің де, тіпті жапон елінің де атынан күреске қатысқаны тарихтан белгілі. Режиссерлер түрік балуанына басқа есім таппай, Қажымұқанның атын таңдауы кездейсоқтық па, әлде қазақ батырын төмендету үшін әдейі істелді ме, ол жағын тап басып айта алмаймыз.
Қажымұқан мен Поддубныйдың күресінің шындығы тарихта қалай болып еді, шын мәнінде, кімді-кім жеңген? Біз осы сұраққа толық жауап алу үшін, белгілі қажымұқантанушы Қалиәкпар Әміржанов ақсақалды сөзге тартқан едік.– XX ғасырдың басында Ресейде: Сібір, Ертіс бойын жайлаған орысы, қазағы бар елдерден «Қажымұқан И.Поддубныйдың өзін бірнеше рет жеңген» деп естігенбіз. Бірақ бұл күрестері баспасөз құралдарында жарияланбаған. И.Поддубный мен Қажымұқан Ресей баспасөз ақпаратына қарағанда төрт рет кездеседі. Біріншісі, Санк-Петерборда Форс паркінде (1907 ж.), екіншісі, Санкт-Петерборда (1913 ж.), үшіншісі, Оралда (1913 ж.), төртіншісі, Тбилисиде (1913 ж.). Ресми басылымдарында: үш кездесуі тепе-тең, ал біреуінде И.Поддубный жеңген болып шығады. И.Поддубныйдың осы жеңісіне күмәндімін. Поддубный Америкаға барғысы келіп, тастаңқырап кеткен күресін бастап, Америкаға жолдама алғанның бірі Қажымұқанмен күреседі. Осы күресте И.Поддубный жеңген болып жарияланады. Ал Қажымұқан жеңгенде не болар еді? И.Поддубный, біріншіден, Америкаға бара алмас еді, екіншіден, «чемпиондардың чемпионы», орыс күрескерлерінің ұраны, қолға ұстаған туы, қайдағы бір Муханурадан (Қажымұқаннан) неге жеңіледі деген ұлттық намыс тұрды.

Ресей империясының ұлттық идеологиясы Кеңес идеологиясы-нан әккі болмаса кем болмағаны белгілі. Қажымұқанды И.Поддубный ұпаймен жеңді ме, таза құлатумен жеңді ме, ол жағы басылымдарда айтылмайды. Қалай да болса цирк шенеуніктері, күрес ұйымдас-тырушылары, төрешілері де өздерінің «патриоттық» борышын жақсы білген. Оқырман қалай ойлағанын болжамаймын, менің өз пікірім – Қажекең И.Поддубныйды жеңген және бір рет емес.
Еуропа балуандары Америкаға бару үшін, әуелі әр ел өз же-рінде, соңында Еуропаның жүрегі – Парижде 1913 жылдан бастап таңдау біріншіліктерін өткізе басайды. Осы Санкт-Петерборда таңдауға арналған біріншіліктен кейін «Вестник спорта» газеті «Дүние жүзінің чемпиондары Аберг пен Циклоп, Муханура сынды балуандар Америкаға аттанбақшы, олар жүз мың сомға келісімшарт жасап, ақшаларын жартылай алып та қойды» деп жазған» дейді белгілі қажымұқантанушы Қалиәкпар ақсақал.
Өз уағында Ресейде Иван Поддубный, Иван Шемякин, Иван Зайкиндердiң есімдері қатар аталатын. Бірақ Ресей халқының ұғымынша: «Иван Поддубный ең жоғарғы сатыда тұратын. Ол солай да еді «Чемпиондардың чемпионы» деген атақ тектен-текке берілмеген. Иван Шемякин (Парижде) 1906 жылы дүние жүзінің чемпионы аталған. Иван Зайкин Ресейде, Балтикада, Парижде үлкен жүлделердің иесі.
Екі Иван – Шемякин мен Зайкин бірінші кездескен күннен бастап Қажымұқанмен дос болған. Өздерінің білгендерін, күрестің әртүрлі тәсілдерін үйренуге көп көмек көрсеткен» деп жазады «Қажымұқан» деген деректі хикая жазған марқұм Әлімқұл Бүркіт-баев. Осы орыс палуандарына байланысты бастаған әңгімеміздің тоқетерін айтсақ, бәрінің (И.Шемякин мен И.Зайкин, т.б.) алдында, оқшау И.Поддубный тұрғанда, басқа орыс палуандарынан жеңілді ме, жеңді ме оның аса қызығы жоқ. Орыс халқы мақтан ретінде оны (И.Поддубныйды) иығының кеңдігінен «косая сажень в плечах» деп атаған («сажень» дегені екі метр). Сондықтан ең мықтысы И.Поддуб-ныймен белдескеніне тоқталайық.
1907 жыл, Санкт-Петербор қаласындағы «Форс» паркінде И.Поддубныймен бірінші рет күрескен Қажымұқан екі күн күресте тең түскен. Содан бері Иван Максимович Қажекеңді өте сыйлап, жарыстарына көз салып жүрсе керек.
Бір кездескенінде И.Поддубный: «Екі күн ұдайы күресіңді көріп, құмарым қанды. Баяғы қателіктеріңнен арылған сияқтысың. А.Абергпен белдесуіңді тосып жүрмін» дейді.
Күресті тастаңқырап кеткен И.Поддубный Еуропа палуан-дарының Америкаға дайындалып жатқанын естіп, бұлармен бірге барғысы келіп, күреске кіріседі. Сол Санкт-Петербургте Америкаға баруға жолдама алғанның бірі Қажымұқан еді. И.Поддубныймен бірінші кездесуі 1907 жылы болса, екіншісі, 1913 жылдың басында өткен. Ресей баспасөз құралдары «осы жолы Қажымұқан ұтылды» деп жариялаған. Қажекең үлкен ойға қалады. Сол жылдары біріншіліктің жарысы Оралда жалғасқан. Сонда бұрын бір рет жеңілген Лука Копевты он екінші минөтінде құлатады. Келесі күндері Штерн мен Тиганены ұтады. Ендігі қарсыласы Поддубный еді. Қажы-мұқан бұл айқасты асыға күтті. «Чемпиондардың чемпионы» ата-ғында жүрген адаммен күресу әр палуанның арманы ғой. Шарт-шұрт айқас басталып кетті. Айқасты бастаған И.Поддубный бір сәт күшке салып Қажымұқанды умаждап, қыса салмақшы да болған еді, оған қайраты жетпеді. Енді қарсыласын шаршатып барып жығуды көздеді. Оның бұл айласын түсінген Қажымұқан уақыт өткен сайын күшіне күш қосып айбаттана берді. Ақыры, бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл айқас тең аяқталады. 1913 жылы осы айқасты өз көзімен көрген Феофан Лаврентьев Қажекеңнің өмірбаянын зерттеуші Ә.Бүркітбаевпен кездескенде: «ол күні Қажымұқан Иван Максимовичпен өте ширақ күресті. Оның толассыз күші Поддубныйдың ұлан-ғайыр айлаларымен пара-пар түсіп, бір-бірін жыға алмады. Бұл айқас Қажымұқанның әдіс-айласы өскенінің анық куәсі болды» деген.
Арада бір жұма өткен соң, палуандар Тбилисиде (Грузия) қайта белдеседі. Қажымұқан негр Чембер Ципсты, Жан Сабатьены, Петр Янковскийды ұтып, финалдық жарысқа шығады. Алайда, үш күнге созылған финалдық жарыста Поддубный, Аберг, Қажымұқан бір-бірін жығыса алмады. Сондықтан цирк қожалары бас бәйгіні үш палуанға бөліп беруге мәжбүр болды («Қажымұқан қағанаты», 198-199 б.б.).
1914 жылы қыркүйекте Қажекең Америкаға барып Нью-Йоркте бір айдан астам болады. Сол қалада американың ең күшті балуандары: Джек Карик, Пом Дженикс, Джо Роджерс, Джон Пинингтің тізелерін бүктіреді. Содан кейін алдына жан салдыр-майтын әлем чемпионы Френк Гочты, даниялық Иес Педерсонның Сан-Франциско қаласында жауырындарын жерге тигізеді. Бұл мәліметтер А.Абергтің «Орыс спорты» газетінде басылған. Кейбір ақпараттарында орыс палуандары Солтүстік Америкадан Оңтүстік Америкаға барғандарын, одан Оңтүстік Африкаға жүреміз деген хабар сол «Орыс спортында» басылған. Өкінішке қарай, 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Сондықтан бұл сапарлары жайында дәлелді мәлімет жоқ. Әлi де болса ізденіс жасау керек болар.
Қажымұқанның жоғарыда айтылған, жазылған күрестерін біз де, біздің алдымызда ізденіс жасаған азаматтар да көрген емес. Ал оны өз көзімен көрген – белгілі жарыстардың тарихының асқан білгірі, 1966 жылы 70-ке толған Иван Дмитриевич Булгаков деген Курск қаласының тұрғыны.
Осы кісімен Қажымұқан өмірін зерттеушінің бірі Мұратқан Танекеев хат жазып, хат алысып тұрған. Сол И.Д.Булгаковтың хатында: «Мен оның (Қажымұқанның К.Ә.) Поль Абс, Алекс Аберг, Георг Лурих, Жан Сабатье, Збышко-Цыганевич, Черно-Яну, Лацгальф, Андерсон сияқты Еуропаның атышулы палуандарымен күресін де көрдім» делінген.
Бұл азаматтың (И.Д.Булгаковтың) «көрдім» дегенін Қажы-мұқанның жеңгені деп ұққан жөн. Неге дейсіз ғой? Осы хаттың жалғасында ол: «Темір-Болат Кануков, Али-Осман, Сали Сулеймен, Робине Хосаев, Ли-Хун-синг, Чемберс, Ципс, Мурзук, Кахута, Манада, Саракики, Джо Моро секілді Азия мен Африка елдерінің күш аталарын қалай басынан асыра лақтырғанының да куәсі болғанмын» деп жазған. Әрі қарай сол хатында: «Оның күрес тәсілі ешкімге ұқсамайтын, ол өзін кілем үстінде еркін ұстайтын. Соған қарамастан оның жолбарысша атылатын кездері де жиі ұшырасатын. Бір таңғаларлығы, ол оқша атылар кезде, айқайлап, өз тілінде жұртқа түсініксіз бір сөздерді айтатын еді (Онысы «ия аруақ, қолдай гөр!» дегені болар деп топшылаймыз). Сол сөздер оған күшіне күш қосатындай және де қарсыласының зәре-құтын қашырып, есеңгіретіп тастайтындай көрінетін» дейді. («Күш атасы», 226-227 бб.).
Қажымұқанның бөтен халықтардың, ұлттардың арасында жападан-жалғыз жүргенін байқасаң, қазақтың «жалғыздың аты шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды» деген мақалы еріксіз есіңе түседі. Соның өзінде, таласып-тармасып, табиғаттың берген ересен күшімен, өзінің парасаттылығымен, ойшылдығымен, намысқойлылығымен, керек болса, қысылтаяңда жасаған айласымен қазақ ұлтын, Алаш атын әлемге танытқан Қажекеңнің аруағынан қалайша айналмассың…

Автор: Төреғали Тәшенов


Дереккөз: alashainasy.kz

Қатысты жаңалықтар

ҚАЖЕТТІ ӘДІСТЕМЕЛІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛУДЕ

azatmedia

Адам ағзасына пайдалы арзан тағам түрлері белгілі болды

azatmedia

ҮШ ЖЫЛ ІШІНДЕ ҚАЛАҒА 1 ТРЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛДЫ

azatmedia