Ақтөбе облысы Шалқар ауданының жалғыз анестезиолог-реаниматолог дәрігері Дархан Артықбаев уәде етілген 2 миллион теңге өтемақыны әлі алған жоқ, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы KAZ.NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Қауіпті аймақта жүріп, індет жұқтырған дәрігер «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған.14 күн бойы үй көрмей, өлім мен өмір арасында алысқан науқастардың жанында болған ол індетті өзіне де жұқтырып алған.
«14 күн бойына ауруханадан шықпай жұмыс жасадым. Аудандағы жалғыз анестезиолог- реаниматолог дәрігер болған соң екі апта бойына ұйқы да, демалыс та болған жоқ. Қауіпті аймақтан шығып, анализ тапсырғанымда тест оң нәтиже көрсетті. Симптомсыз түрін жұқтырғанмын. Екі апта оқшауланып, ем алдым»,-дейді дәрігер Дархан Артықбаев.
30 жастан асқан жас маман індет жұқтырған дәрігерлерге беруге уәде етілген 2 млн теңге өтемақыны әлі күтіп жүр.
«Өзім аудандық ауруханада жұмыс істеймін. 10 маусым күні жұмыста отырған кезімде шұғыл инфекциялық ауруханаға шақыртты. Жағдайы ауыр егде жастағы науқас түскен екен. Демала алмай, қиналып қалған. Науқастың жағдайын бақылауға алып, бір сағаттың ішінде аппаратқа қостық. Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қаласының реаниматолог-анестезиолог мамандарымен кеңесіп отырып, 9 күн бақылауда ұстадық. Уақытымен дәрі салдық. Осы тоғыз күннің ішінде науқастың екі рет жүрегі тоқтады. Үшінші тоқтағанда науқасты аман алып қалу мүмкін болмады. Науқастардың көбі ауруханаға дертті өткізіп алып келді. Дәрігер көмек көрсетемін дегенше көз алдымызда жүріп кеткендер болды. Сол қиын кездің қайтып келмеуін тілейміз. Дерт көп адамға қорқыныш әкелді. «Аяқтан тұрамын» деген адам ең бірінші соны жеңу керек. Ауруханадан шыққаннан кейін де қорқынышпен жүргендер болды. Емделіп шықса да, бір айға дейін ұйықтай алмай жүргендерге әлі күнге дейін көмек көрсетеміз. Психологиялық тұрғыдан күшті болып, дертпен іштей күресу керек», – дейді дәрігер Дархан Артықбаев.