«Tik-Tok»-қа иелік ететін қытайлық «ByteDance» компаниясы қосымшаны «Micrоsoft»-қа сату ұсынысынан бас тартты, – деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы «Microsoft» компаниясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Америкалық компания өкілдерінің пікірінше, аталған ұсыныс қосымша қолданушыларының пайдасы үшін жасалған және осы арқылы АҚШ-тың ұлттық мүдделерін қорғауға да септігін тигізбек болған.
15 қыркүйекте «Tik-Tok» активтерін сату бойынша шешім қабылдау уақыты аяқталады. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, қытайлық компания аталған күніге дейін шешім қабылдауы тиіс. Қосымша не сатылады, не ел аумағында қолдануға тыйым салынбақ.
23 тамыз күні қытайлық компанияның АҚШ президенті әкімшілігін сотқа беретіні мәлім болды. Бұл ақүй басшысының 6 тамызда «Tik-Tok»-қа иелік ететін қытайлық «ByteDance» және «WeChat» әлеуметтік желісінің иесі «Tencent» компанияларымен қандай да бір келісімге келуге тыйым салатын 2 бірдей жарлыққа қол қоюына қатысты қытайлық компания тарапынан берілген жауап болатын. Екі жобаны да қытайлық корпорациялар жасаған. Ресми Вашингтонның пікірінше, аталған қосымшалар «АҚШ-тың экономикасы мен сыртқы саясатына, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігіне» нұқсан келтіреді.