ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың facebook-тегі парақшасында «Мұғалімдерді даярлау туралы» деген жазба жарияланды, деп хабарлайды Azatmedia.kz ақпараттық порталы zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында мектептердің білім беру сапасын арттыруды тапсырғанын еске салған министр «бұл мақсатқа біліктілігі жоғары мұғалімдерді даярлау жүйесін енгізу арқылы ғана қол жеткізуге болады», дейді:
– Болашақ ұстаздарды дайындаудың қолданыстағы жүйесі, әсіресе жоғары оқу орындарында берілетін білім сапасы жиі сынға алынып жатады. Бұл сын орынды.
Ескірген оқу бағдарламаларын, оқу барысында практикадан өту кезіндегі салғырттықты айтпағанда, статистикалық көрсеткіштердің өзінен бұл проблемалар айқын көрінеді.
Сарапшылардың айтуынша, орта білімнің сапалы болуының негізгі құрамдас бөліктері – мұғалімдік жұмыстың тартымдылығы, осы мамандыққа түсушілер арасындағы бәсекеге қабілеттілік, оларды оқуға қабылдау барысында мұқият іріктеу және білім беру бағдарламаларының сапасы.
Бұған Финляндияның тәжірибесі жақсы мысал бола алады.
Ал біздің елімізде бұл мамандықты «әлсіз» түлектер таңдап, университетке түсіп, диплом алған соң, мектепке жұмысқа орналасқан жағдайлар да бар. Мұндай «маман» сабақ берген соң оқушылар да «әлсіз» болады, мектептегі білімнің сапасы да нашар болады. Одан кейін осы оқушылар ЖОО-ға түседі. Нәтижесінде экономикаға әлсіз мамандар келеді. Міне, осы мысал мәселенің маңыздылығын көрсетеді.
Енді қайтадан статистикалық көрсеткіштерге тоқталайын.
Біраз уақыт педагогикалық мамандықтар бойынша грант жеңіп, оқуға түскен түлектердің ораша балы 60-65 болатын. Бұл ретте ең төменгі шекті балдың 50 болғанын ескеру қажет.
Оған қоса, педагогикалық мамандықты таңдағандардың арасында мектепті үздік бітіргендер немесе «Алтын белгі» иегерлері аз болды.
Алдынғы жаңалық
Келесі жаңалық