Шымкент қаласының бас санитар дәрігерінің орынбасары Жұмабек Ержановтың қаулысына сәйкес шаһарда карантин және шектеу шаралары 14 қыркүйекке дейін ұзартылды. Бұл туралы Azatmedia.kz Шымкент қаласының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Шымкент қаласының аумағында 2020 жылғы 31 тамыз сағат 00:00-ден бастап, 2020 жылғы 14 қыркүйек сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу шаралары ұзартылсын», – делінген қаулыда.
Оған сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адамдардың жиналуына байланысты кез келген іс-шаралар (еске алу, туған күн, мерейтой, шығарып салу, құдалық, той, беташар және де басқада шаралар) өткізуге тыйым салынды;
65 жастан асқан адамдардың қалада және басқа да қоғамдық орындарында жүруі шектеледі; Қалада жүріп-тұру кезінде маска тағу бойынша міндетті талапты және адамдар арасында кемі 2 метр әлеуметтік арақашықты сақтау қажет;
Үйлердің аулаларына, саябақтарға, скверлерге, алаңдарға, жағалауларға барып серуендеуге 3 адамнан аспайтын топпен немесе, бір отбасы мүшелерімен рұқсат етіледі;
Қоғамдық орындарға, адамдар көп жиналатын нысандарға барғанда соның ішінде қоғамдық көліктерге кірген кезде маска тағу және қоғамдық орындарға барғаннан кейін антисептик пайдалану жөніндегі талап қатаң сақталуы қажет.