Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласындағы Шыңжаң педагогикалық университетінде «Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесінде қолдану» тақырыбында халықаралық біліктілікті арттыру семинары ұйымдастырылды. Тағылымдама білім беру саласындағы цифрлық трансформацияны жеделдетуге және педагогтердің заманауи технологияларды меңгеруіне бағытталды.
Халықаралық семинарға Қазақстан Республикасының әр өңірінен іріктелген 49 педагог қатысты. Олардың қатарында Түркістан облысынан «Келешек мектеп директоры» жобасының 5 қатысушысы білімдерін жетілдіріп, халықаралық сертификатқа ие болды. Бұл – өңір педагогтерінің кәсіби әлеуетінің жоғары екенін және халықаралық деңгейде тәжірибе алмасуға дайын екенін көрсететін маңызды жетістік.
Жеті күндік оқу бағдарламасы барысында қатысушылар Smart School тұжырымдамасы, цифрлық білім беру экожүйесі, Learning Analytics, Big Data, білім беру ұйымдарын деректерге негізделген басқару, генеративті жасанды интеллект құралдарын оқу үдерісіне тиімді енгізу, педагогтердің AI-құзыреттілігін дамыту және білім беру менеджментінің заманауи тәсілдері бойынша тәжірибелік білім алды.
Сонымен қатар педагогтер Үрімші қаласындағы инновациялық мектептердің жұмысымен танысып, мектепті цифрлық басқару, жасанды интеллект арқылы оқыту үдерісін ұйымдастыру, қауіпсіз әрі тиімді білім беру ортасын қалыптастыру және білім сапасын арттырудың озық халықаралық тәжірибелерін зерделеді.
Халықаралық тағылымдама барысында жинақталған білім мен тәжірибе алдағы уақытта Түркістан облысының білім беру ұйымдарында кезең-кезеңімен енгізілмек. Бұл жұмыстар жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану, педагогтердің цифрлық құзыреттілігін дамыту, деректерге негізделген басқару жүйесін жетілдіру және инновациялық білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысының білім басқармасы педагогтердің кәсіби дамуына тұрақты қолдау көрсетіп, халықаралық тәжірибелерді өңір мектептеріне енгізу, білім беру жүйесін цифрландыру және сапалы білімге қолжетімділікті арттыру бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады. Бұл бастамалар өңірдегі білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеруге және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге негіз болады.
