ҚАДІРМЕНДІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Баршаңызды Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістігін ұлықтайтын ерекше күн, ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі. Бүгінде бірлік – байтақ еліміздің босағасын бекітіп, ынтымақ іргемізді қымтады. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде тұрақты даму жолына түсіп, әлемдік қауымдастық алдында өзіндік орнын иеленген, бейбітшілік туын берік ұстаған мемлекетке айналды. Бұл жетістікте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және қалыптасқан сара жолды жалғап, ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еңбегі орасан. Дамудың негізі, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру жолында қоғамдық келісім мен ұлтаралық үйлесімнің маңызы зор.
ҚҰРМЕТТІ ОРДАБАСЫЛЫҚТАР! Сіздер мен Біздер мекен еткен осынау қасиетті өлке бүкіл қазақтың басын қосқан ұлы жиындармен тарихта қалған киелі өңір. Бабалар салған сара жолдан айнымай, бейбіт туын тіктеу – тарихтың бізге аманаты. Ауданымызда жалпы 121 мың тұрғын бар болса, оның 4,1 пайызын 16 ұлттың өкілдері құрайды. Мереке қарсаңында аудандағы славаян, күрді, түрік этно-мәдени орталықтары филиалдары «Шаңырақ» клубына бірігіп, татулықты нығайта түсуге ортақ мақсатқа жұмылды. Бұл – ынтымақтың жемісі, тыныш заманның игілігі.
АРДАҚТЫ АҒАЙЫН! Бүгінгі баянды тірлігіміз ұзағынан болғай. Әр шаңыраққа шаттық, бақ-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын
Ізгі ниетпен, Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков