Түркістан облысы Созақ ауданында Астана күні мерекесі қарсаңында тұрғындардың қуанышын еселеген ерекше сәт орын алды. Аудан орталығындағы Жеткіншек мөлтек ауданында 25 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасылардың бірі ұзақ күткен кезектің өтеуін көрсе, енді бірі балаларының болашағына берік тұғыр болатын жаңа шаңыраққа қол жеткізді.
Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен жаңа қоныс иелері қатысты. Іс-шара барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, баспаналы болу – әрбір отбасы үшін ең үлкен бақыттың бастауы екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында ауданымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Баспана – әр шаңырақтың берекесі, отбасының бақыты мен тұрақтылығының негізі. Бүгінгі қуаныш – әлеуметтік қолдау мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жемісі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев қоныс иелеріне ақжарма тілегін арнады.
Салтанатты сәтте жаңа пәтер иелері де жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетілген қамқорлыққа ризашылықтарын жеткізді.
Еске сала кетейік, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үй алушылар азаматтардың мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде анықталады.
Соңғы жылдары Жеткіншек мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынын бәсеңдеткен емес. Бұған дейін Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінде 29 отбасы жаңа қонысқа қол жеткізсе, бүгін тағы 25 отбасының арманы орындалды. Қазіргі таңда пайдалануға дайын 22 пәтердің құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қажетті рәсімдер толық аяқталған соң бұл баспаналар да кезең-кезеңімен өз иелеріне табысталады.
Бүгінде аудан орталығында 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа тұрғын үйлердің пайдалануға берілуі Созақ ауданындағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі болып табылады. Баспанамен қамту жұмыстары азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, отбасылардың тұрақтылығын арттыруға және ауданның келешектегі дамуына оң ықпал етеді.
Тұрғын үй құрылысының қарқын алуы елді мекендердің келбетін жаңартып, халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беруде. Жаңа шағын аудандарда қажетті инженерлік инфрақұрылымдар мен әлеуметтік нысандарды дамыту мәселесіне де кезең-кезеңімен назар аударылуда.
Баспанаға ие болған отбасылар үшін бұл күн жаңа өмірдің бастауы ғана емес, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі болды. Әсіресе әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен көпбалалы жанұялардың тұрғын үй мәселесін шешу – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Алдағы уақытта Созақ ауданында тұрғын үй құрылысын жалғастыру, азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырыла береді. Бұл бастамалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.
