Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында Сарыағаш қаласындағы өндірістік парк аумағын аралап, ондағы құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ кәсіпкерлермен кездесіп, жобаны сәтті жүзеге асыру жайын талқылады.
Өңір басшысы өндірістік парктің аудан экономикасын дамытудағы маңызын атап өтіп, жауапты тұлғалар мен инвесторларға жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
– Бұл өндірістік парк – жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен серпін береді. Құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, жобаларды нақты іске қосу қажет. Мемлекет тарапынан қолдау бар, ендігі кезекте нәтижелі жұмыс күтеміз. Өзіміздің кәсіпкерлер ісін бастап, табысын молайтуға тиіс. Оған толық мүмкіндік бар. Іздену, даму, еңбек ету қажет. Мемлекетті алға кәсіпкерлер сүйрейді. Сондықтан біз барлық аудан, қалада өндірістік парктер салып жатырмыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Аталған өндірістік парктің жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайды. Жобаны жүзеге асыру үшін 8 кәсіпкерге жер учаскесі кезең-кезеңімен бөлініп берілген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталып, оны 2026 жылдың маусым айында аяқтау жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 800 млн теңге. Нәтижесінде 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өндірістік паркте бүгінде 2 нысанның іргетасы құйылып, тіреу конструкциялары орнатылған. Тағы 2 нысанның іргетасы құйылу үстінде. Ал 1 нысанның құрылысы алдағы аптада басталады.
Өндірістік парк аумағында жалпы 5 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Бес қара» ЖШС жұмыртқаға арналған лоток шығару цехын іске қосып, 250 млн теңге инвестиция құю арқылы 25 адамды жұмыспен қамтуды көздейді. Ал «Нұрлы жол» жиһаз жасау цехына 150 млн теңге инвестиция тартылып, 15 жұмыс орнын құру жоспарлаған. Сонымен қатар тағы бір кәсіпкер 150 млн теңгеге кондитерлік цех ашып, 10 адамды жұмыспен қамтымақ. Оған қоса балалар алаңшасына қажетті құрал-жабдықтар өндіретін цех ашылып, 20 жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Өндірістік паркте құрама жем шығару цехы да іске қосылмақ. Инвестиция құны – 100 млн теңге, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлаған.
Жоба толық іске қосылғанда Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі артып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өндірістік парк аумағында инженерлік инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Электр қуаты, су және жол желілерінің сапалы тартылуы кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұл инвесторлар үшін тәуекелді азайтып, жобаларды уақытылы іске қосуға мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлермен өткен кездесуде өндірісті әртараптандыру және жергілікті шикізатты тиімді пайдалану мәселесі де көтерілді. Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобаларды көбейту қажеттігі айтылды. Бұл қосылған құнды арттырып, аудан экономикасының тұрақтылығын күшейтеді.
Сонымен бірге, жаңа өндіріс орындарына қажетті кадрларды даярлау мәселесіне де назар аударылды. Жергілікті колледждер мен оқу орталықтарымен бірлесіп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын енгізу жоспарлануда. Бұл жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға және еңбек нарығындағы сұранысты өтеуге ықпал етеді. Жалпы, Сарыағаштағы өндірістік парк жобасы ауданның индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін бермек. Алдағы уақытта мұндай алаңдардың тиімді жұмысы өңірдің экономикалық өсіміне тікелей әсер ететіні күтілуде.
