Жаңалықтар

БИЫЛ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1,6 МЫҢ ШАҚЫРЫМ ЖОЛ МЕН КӨШЕ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Экономикада басты міндеттердің бірі – жол инфрақұрылымын дамыту. Республикалық маңыздағы ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыған баса мән беріп, Үкіметке тиісті тапсырма берген болатын. Енді жылдан-жылға жол құрылысына бақылау күшейіп келеді.

Расымен, Президент пәрменінің жөні бар. Былтыр қыркүйектегі Жолдауында автожол құрылысына қатысты, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасыздығы жөнінде бірталай сын айтты. Қыруар қаржы бөлінсе де, шешімін таппаған мәселеге Мемлекет басшысы алаңдаған еді.

Бір сөзбен айтқанда, жол инфрақұрылымы өте – маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің даму деңгейі де жол сапасымен бағаланады.Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде облыстық жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайы мен жай-күйі талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған anyqtimes.kz ақпараттық агенттігі. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды саладағы мәселелерге тоқталып, жолдардың сапасын көтеру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сонымен бірге өңірдегі жолдардан өтетін шетелдік және отандық жүк көліктерінің заң талаптарын сақтауы маңызды екеніне тоқталды. Себебі, Түркістан облысының Арыс қаласы, Шардара, Сайрам, Төлеби, Сауран, Отырар аудандарындағы жергілікті маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктері үздіксіз жүруде. Жергілікті маңызы бар жолдардың жүктеме көрсеткіштері сақталмағандықтан жолдар мерзімінен бұрын зақымданып, жарамсыз жағдайға жетуде. Жиында облыстық және аудандық маңызы бар жолдарына автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жөнінде де ұсыныс берілді.– Жол – өте маңызды сала. Өңірдің экономикасының дамуына тікелей әсер етеді. Аудан, қалаларды аралау барысында тұрғындар үшін осы мәселенің өзекті екеніне тағы да көз жеткіздік. Жолдарды салу жұмысын тездету керек. Сапа басты назарда болуы тиіс. Жергілікті жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелген. Егер жұмысты ширатпаса, ол межені бағындыру қиынға соғады. Екіншіден, келісімшарттағы міндеттерін орындамаған әрі арнайы таразысы жоқ карьер иелеріне заң аясында шешім қабылдаңыздар. Шетелдік жүк көліктері де қатаң қадағалануы тиіс. Себебі белгіленген мөлшерден артық жүкті артып алатын ауыр жүк көліктері жолдардың тез жарамсыз күйге түсуіне ықпал етіп жатыр. Жолға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары осы мәселені бақылауға алуы керек, – деген Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырма берді.Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимовтың айтуынша, 2022 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық, қалалық бюджеттен, сонымен бірге «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 49,8 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан немесе 2094,9 шақырым жол мен көше қамтылды. 645 нысан немесе 1247,5 шақырым жол мен көше пайдалануға берілді.Жұмыстар нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,4%-ға жеткен. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-ға жетіп отыр.2022 жылы басқарма мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ арасында келісімшарт түзіліп, филиал тарапынан нысандарға 169 рет аралау жүргізіліп, 1330 дана сынама алынған. Басқарманың тапсырысы арқылы құрылысы қолға алынған нысандардағы сапаны қамтамасыз ету бойынша мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданған. 19 нысан бойынша 12 мердігер, 1 техникалық қадағалаушы және 1 жобалаушы мекемеге 133,5 млн. теңгеге айыппұл салынған. Жалпы нысандарда сапасыз атқарылған 8874 м2 жол жамылғысы қайта төселген.2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 51,0 млрд. теңге бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 660 нысан немесе 1594,2 шақырым жол мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 604 нысан немесе 1238,3 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделуде.  

Қатысты жаңалықтар

ҮЙЛЕСТІРУ КЕҢЕСІ ӨТТІ

azatmedia

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ «АУЫЛ АМАНАТЫНЫҢ» МҮМКІНДІКТЕРІН ПАЙДАЛАНУҒА ШАҚЫРДЫ

azatmedia

Сарыағаш: Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар баяндалды

azatmedia