Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Бірлігіміз – әралуандықта» жобасы аясында «OPEN TALK форматында: Біз әртүрліміз – бірақ біргеміз» тақырыбында мазмұнды әрі ашық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің «Бірлігіміз – әралуандықта» тұжырымдамасын жүзеге асыру, қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту, өзара құрмет пен түсіністікті арттыру, сондай-ақ жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру мақсатында өтті.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарының өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, «Ассамблея жастары» мен Студенттік Ассамблея өкілдері, сондай-ақ қоғам белсенділері қатысты.
Open talk форматында өткен жиында қатысушылар өз ойларын еркін білдіріп, маңызды тақырыптар мен сұрақтар төңірегінде пікір алмасты. Атап айтқанда,
әралуандылықтың қоғамдағы рөлі, этносаралық қарым-қатынас мәдениеті және бірлік пен татулықтың маңызы кеңінен талқыланды.
Шара барысында қатысушылар «Біз әртүрліміз – бірақ біргеміз» қағидатының бүгінгі қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Ерекше форматтағы ice-breaker, спикерлердің мазмұнды баяндамалары және ашық пікірталас алаңы кездесуге ерекше серпін берді.
Сонымен қатар қатысушылар «Бірлік, татулық үшін мен не істей аламын?» тақырыбында өз ұсыныстары мен тілектерін жазып, ортақ құндылықтарға деген жауапкершіліктерін көрсетті.
Кездесу барысында жастардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігіне ерекше мән берілді. Қатысушылар белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру арқылы қоғамдық келісімді нығайтуға әрбір адамның үлес қоса алатынын атап өтті. Әсіресе, түрлі мәдениет пен дәстүрге құрметпен қарау – бірліктің басты негізі екені кеңінен айтылды.
Сонымен қатар, ашық диалог алаңы өзара сенім мен түсіністікті арттыруға ықпал ететіні байқалды. Қатысушылар өзекті мәселелерді еркін талқылап, ортақ шешімдер іздеудің маңыздылығына тоқталды. Бұл формат қоғамдағы түрлі көзқарастарды жақындастырып, сындарлы пікір алмасуға мүмкіндік беретінімен ерекшеленді.
Жиында этносаралық татулықты сақтау жолындағы нақты бастамалар да ұсынылды. Атап айтқанда, мәдени іс-шараларды көбейту, жастар арасындағы ынтымақтастық жобаларды дамыту және волонтерлік қызметті жандандыру мәселелері көтерілді. Мұндай қадамдар қоғамдағы бірлік пен келісімді одан әрі нығайтуға сеп болмақ. Жалпы, іс-шара қатысушыларға тың серпін беріп, ортақ құндылықтарды дәріптеудің маңызын айқындады. Алдағы уақытта да осындай ашық форматтағы кездесулерді жалғастыру арқылы қоғамдағы өзара құрмет пен татулықты нығайту көзделіп отыр.
